АҚШ пен Үндістан сауда келісіміне қол жеткізді – Трамп

АҚШ президенті Дональд Трамп Үндістан премьер-министрі Нарендра Модимен телефон арқылы сөйлескеннен кейін екі ел арасында сауда келісіміне қол жеткізілгенін мәлімдеді, деп хабарлайды BAQ.KZ ВВС-ге сілтеме жасап.

Трамптың айтуынша, келісім аясында АҚШ Үндістаннан келетін тауарларға салынатын баж салығын 25 пайыздан 18 пайызға дейін төмендетеді. Ал Үндістан өз тарапынан америкалық тауарларға қатысты тарифтік және тарифтік емес кедергілерді нөлге дейін қысқартуға келіскен.

Сонымен қатар Трамп Үндістан Ресей мұнайын сатып алуды тоқтататынын мәлімдеді. Осыған байланысты Делиге Ресей мұнайын импорттағаны үшін енгізілген қосымша 25 пайыздық тарифтік алым алынып тасталады. Ақ үй өкілінің айтуынша, енді Үндістан АҚШ-тан, сондай-ақ мүмкін Венесуэладан мұнай сатып алуды арттырмақ.

Трамп Үндістан АҚШ-тан энергия ресурстары, технология, ауыл шаруашылығы өнімдері мен көмірді қоса алғанда, жалпы көлемі 500 миллиард доллардан асатын тауар сатып алуға міндеттеме алғанын айтты.

Үндістан премьер-министрі Нарендра Моди X әлеуметтік желісінде келісімге қол жеткізілгеніне қуанышты екенін жазды. Оның айтуынша, екі ірі экономика мен әлемдегі ең ірі демократияның ынтымақтастығы екі ел халқына да пайда әкеледі.

Айта кетейік, АҚШ пен Үндістан арасындағы сауда қатынастары Вашингтон тамыз айында Үндістан тауарларына 50 пайыздық баж салығын енгізгеннен кейін күрделене түскен еді. Бұл тарифтің бір бөлігі Үндістанның Ресей мұнайын сатып алуына байланысты болған.

Бұл келісім Үндістан мен Еуропалық одақтың жиырма жылға жуық келіссөздерден кейін сауда келісіміне қол қойғанынан кейін бір апта өтпей жарияланды.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға

Фото: AP Photo / Alex Brandon
Өзгелердің жаңалығы