АҚШ пен Украина ортақ мәмілеге келді
Америка Құрама Штаттары мен Украина тараптары ортақ келісімге келді. Сегіз сағатқа созылған Жиддадағы келіссөздің нәтижесінде Киев Вашингтон ұсынған 30 күнге атысты тоқтату туралы ұсынысын қабыл алды, деп хабарлайды BAQ.KZ 24.kz-ке сілтеме жасап.
Сауд Арабиясының араағайын болуымен өткен шараға АҚШ-тың мемлекеттік хатшысы Марко Рубио, Ақ үйдің қауіпсіздік бойынша кеңесшісі Майк Уолтц, Украина президенті кеңсесінің жетекшісі Андрей Ермак, Сыртқы істер министрі Андрей Сибига және Қорғаныс министрі Рустем Умеров қатысты.
24kz-тің мәліметінше, алғашында Украина тарапының жоспарында осы кездесуде әуекеңістігі мен теңіздегі әскери әрекеттерді тоқтатуды талқылау мақсаты болған. Алайда АҚШ делегациясы келісімнің ауқымын үлкейтіп, жалпы барлық майдан шебіндегі әскери қақтығысты 30 күнге тоқтату бойынша ұсыныс жасады. Киев бұны қабыл алды. Бұған қатысты қос елдің президенттері де бірден пікір білдірді.
Келіссөз барысында АҚШ тарапы бізге алғашқы қадамды жасауды ұсынды. 30 күн атысты толық тоқтатуға келістік. Бұл әуеде дрондар мен зымырандардың ұшуын ғана тоқтату не Қара теңізге тыныштық орнату емес, майданның барлық шебіндегі ұрыс қимылдарын тоқтату деген сөз. Вашингтон біздің айтқанымызға құлақ асты. Делегацияларымыздың арасындағы жемісті мәміле үшін президент Трампқа алғыс білдіремін, – деді Украина президенті Владимир Зеленский.
Украина және бітімгерлік келісім. Жиддадағы келісімнің нәтижесі осындай болды. Біз енді Ресеймен байланыстамыз. Президент Путин келіседі деп үміттенемін. Әйтпесе қазіргі жағдай өте қиын. Апта сайын мыңдаған сарбаздар мерт болып жатыр, қарапайым тұрғындар да көп зардап шегіп жатыр. Өткенде Ақ үйде болған дауға қарағанда қазір дұрыс жолға түстік. Украина атысты тоқтатуға келісті. Енді Ресей келісуі керек. Келіспесе соғыс жалғаса береді. Сарбаздар өлімі тоқтамайды, – деп мәлімдеді АҚШ президенті Дональд Трамп.
Сондай-ақ Дональд Трамп журналистердің "Зеленскийді Ақ үйге қайта шақырасыз ба?" деген сұрағына іркілместен "Әрине" деп жауап берді. Киев те қол қойылмай қалған сирек минералдар бойынша келісімді қайта жандандырғысы келетінін айтты.
Америка тарапы қай уақытты ыңғайлы деп тапса, біз сол уақытта қол қоюға дайынбыз. Біздің тараптан барлық жұмыстар жасалып, дайын тұр, – деп мәлімдеді олар.
Ендігі кезек Мәскеуде.