АҚШ пен Сауд Арабиясы бейбіт атом энергетикасы жөнінде келісімге қол қойды
АҚШ Энергетика министрлігінің мәліметінше, келісімге 22 шілдеде АҚШ-тың Энергетика министрі Крис Райт пен Сауд Арабиясының Энергетика министрі ханзада Абдель Азиз бен Салман Әл Сауд қол қойған.
Вашингтон мен Эр-Рияд бейбіт атом энергетикасын дамыту саласындағы ынтымақтастық туралы келісімге қол қойды.
ТАСС ақпарат агенттігінің хабарлауынша, құжат Сауд Арабиясының ядролық бағдарламасын іске асыруға америкалық компаниялардың қатысуын көздейді және қазір АҚШ Конгресінің қарауына жіберілген.
АҚШ Энергетика министрлігінің мәліметінше, келісімге 22 шілдеде АҚШ-тың Энергетика министрі Крис Райт пен Сауд Арабиясының Энергетика министрі ханзада Абдель Азиз бен Салман Әл Сауд қол қойған.
Құжат ұзақ мерзімге арналған. АҚШ Энергетика министрлігінің хабарлауынша, ол америкалық компаниялардың корольдіктің атом энергетикасын дамыту жобаларына қатысуына мүмкіндік береді. Сондай-ақ ынтымақтастық ядролық қауіпсіздік пен ядролық қаруды таратпау режимінің жоғары стандарттарына сәйкес жүзеге асырылатыны атап өтілді.
Крис Райттың айтуынша, бұл келісім екі елдің атом энергиясын бейбіт мақсатта пайдалану саласындағы әріптестігін нығайтады.
Бұған дейін The Wall Street Journal басылымы дереккөздерге сілтеме жасап, келісімнің мерзімі 30 жылға есептелуі мүмкін екенін және онда ондаған миллиард доллар көлеміндегі инвестициялар қарастырылғанын хабарлаған. Басылымның мәліметінше, америкалық компаниялар Сауд Арабиясының ядролық инфрақұрылымын қалыптастыруда жетекші рөл атқарады.
Сондай-ақ жарияланымда тараптар мұндай жобаны орынды деп таныған жағдайда, Сауд Арабиясы аумағында уран байыту кәсіпорнын салу мүмкіндігі де қарастырылғаны айтылған.
Бұған дейін Дональд Трамп бірқатар елдерді, ең алдымен Сауд Арабиясы мен Катарды Авраам келісімдеріне қосылуға шақырған болатын.