АҚШ пен Қытай сауда дауын АТЭС саммитінде шешуі мүмкін – Ақ үй

АҚШ билігі Америка Құрама Штаттары президенті Дональд Трамп пен Қытай Халық Республикасының төрағасы Си Цзиньпиннің Азия-Тынық мұхиты экономикалық ынтымақтастығы (АТЭС) саммиті аясындағы кездесуінен оң нәтиже күтуде. Бұл туралы Ақ үйдегі Ұлттық экономикалық кеңестің басшысы Кевин Хассетт мәлімдеді, деп хабарлайды BAQ.KZ ТАСС агенттігіне сілтеме жасап.

Келесі аптада барлығы бұл мәселені шешу үшін Азияға бет алды. Мен президент Трамп пен төраға Си бітімгершілік келісімге келетініне сенімдімін, – деді Хассетт Fox Business арнасына берген сұхбатында.

Одан бөлек, журналистер шенеуніктен екі ел басшыларының кездесуінен кейін Қытай импортына салынған қосымша 100 пайыздық баж салығының алынып тасталуы мүмкін бе деген сұрақ қойды.

Бұл мәселе жөнінде шешім қабылдау – президент Трамптың құзырында. Мен болжам жасай алмаймын, – деп жауап берді ол.

Бұған дейін Дональд Трамп Си Цзиньпинмен 31 қазан мен 1 қараша аралығында Корея Республикасында өтетін АТЭС саммиті барысында кездесуді жоспарлап отырғанын айтқан болатын.

Кездесудің басты мақсаты – екі ел арасындағы сауда келіспеушіліктерін шешу және жаңа экономикалық әріптестікке жол ашу.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Өзгелердің жаңалығы