+22

АҚШ пен Қытай арасындағы сауда соғысы Орталық Азияға қалай әсер етеді?

Қытайды зерттеушілер қауымдастығының төрағасы, саясаттанушы Қазбек Майгельдиновтің пікірінше, АҚШ пен Қытай арасындағы сауда соғысы Орталық Азия елдеріне жаңа қысым мен тәуекелдер тудыруы ықтимал. Өйткені бұл өңірдің Қытаймен экономикалық байланысы терең әрі ауқымды, ал АҚШ-пен қарым-қатынасы әлдеқайда шектеулі, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Қытайды зерттеушілер қауымдастығының төрағасы, саясаттанушы Қазбек Майгельдиновтің айтуынша, АҚШ пен Қытай арасындағы сауда соғысы Орталық Азия елдерін екі алпауыттың арасындағы қысым алаңына айналдыруы мүмкін. Өйткені бұл аймақтың Қытаймен экономикалық байланысы өте ауқымды. Ал АҚШ-пен сауда, инвестициялық қатынасы шектеулі.

АҚШ пен Қытай арасындағы сауда соғысы Орталық Азияға әсері

Мысалы, Қытайдың Орталық Азиямен жалпы тауар айналымы 2023 жылғы мәліметтерге қарайтын болсақ, 89 млрд доллар болса, ал АҚШ-пен бұл көрсеткіш бірнеше есе аз. Бұл айырмашылақ Қытай үшін аймаққа едәуір экономикалық ықпал беретінін көріп отырмыз. Мысалы, Қытайдың несиелері мен инвестициялары аймақ экономикасының негізгі бөлігіне айналып отыр. Қытай Тәжікстан мен Қырғызстандағы тікелей шетел инвестицияларының 40%-дан астамын құрайды. Сонымен қатар Қытай Орталық Азияға мұнай-газ құбырлары, инфрақұрылымдық жобалар арқылы еніп отыр. Осылайша өңір елдерінің негізгі сауда әріптесіне де айналып отыр. Ал АҚШ бұл аймаққа экономикалық қатысуын соңғы жылдары арттыруға тырысқанымен, әсіресе сирек металдар бойынша әріптестікті айтатын болсақ, сонда да үлесі өте аз, - дейді сарапшы.

Ал Қазақстан мен Өзбекстанды алып қарайық. Қазақстанның Қытаймен сауда қатынасы көлемі 41 млрд доллар болса, АҚШ-пен 4,2 млрд доллар. Ал Өзбекстан АҚШ-пен 1 млрд доллар көлемінде сауда жасайды, ал Қытаймен 14 млрд доллар.

Қытай сауда соғысы салдарынан Орталық Азияға инвестициялық-экономикалық салмағын одан әрі арттыра түсуі мүмкін. Өйткені АҚШ енгізген тарифтердің әсерін тепе-теңдік қалыпқа келтіру үшін Бейжің көрші аймақтармен сауда-энергетикалық байланыстарды күшейтуге ұмтылатынын айта кеткен жөн. Себебі Қытай Орталық Азия елдерімен сауда-энергетикалық қатынастарын ұлғайту арқылы аймақ мемлекеттерімен экономикалық байланысын одан әрі арттыруға қадам жасай алады. Бұл тұрғыда Қытай инвестициялары қандайда да бір саяси шарттарға да байланысты болуын жоққа шығара алмаймыз.

Бейжіңнің бүгінгі таңдағы қажетті жағдайда өз инвестицияларымен нарығын қысым құралы ретінде пайдалануы мүмкіндігі бар. Оны осыған дейінгі Мьянмада болған нақты оқиғалардан білуге болады. Ол кезде "несие шұңқырына" түсіп кету мәселесінде кейін қарызды қайтаруда осындай қысым тетіктерін қолданғанын айта кету керек. Бүл Тәжікстанға да байланысты. Қырғызстан мен Тәжікстан өте үлкен қомақты қарызы бар. Сондықтан қарыз қақпанына түсуі әбден мүмкін. Демек сауда соғысы шиеленіскен жағдайда Қытай Орталық Азияны өз жағында ұстап тұруы үшін инвестициялық ықпалды тікелей де, жанама да қысым құралы ретінде қолдануы әбден мүмкін, - деп айтты Қазбек Майгельдинов.

АҚШ-тың аймақтағы ықпалы

Енді АҚШ-қа келетін болсақ, әрине АҚШ үшін Орталық Азия стратегиялық маңызды болса да, Қытаймен салыстырғанда тікелей экономикалық тетіктері шектеулі. Әрине американдық санкциялар арқылы қандай да бір қысым құралына айналдыруы мүмкін. Мысалы, АҚШ технологиялық санкциялар енгізуі мүмкін. Бірақ экономикалық тұрғыдан алған кезде Вашингтонның аймаққа әсері аз. Оны біз жоққа шығара алмаймыз. Қазір Вашингтонның жасалып отырған оқшауланушылық саясатында, мысалы, тарифтерді көбейтуі АҚШ жеке секторының Орталық Азияға жаңа инвестиция салуына кедергі. Тіпті алдағы уақытта сауда соғысы одан әрі күшейе беретін болса, АҚШ бизнесі тәуекелі жоғары нарықтарға (Мысалы, Орталық Азияда бар) кіру мәселесіне тікелей әсер етуі мүмкін. Өздеріңіз білетіндей, инвесторлар пайданы ойлайтын азаматтар. Сондықтан бұл мәселеде АҚШ-тың инвестициялық қысым жасау мүмкіндігі тағы да шектеледі, - деп санайды Майгельдинов.

Саясаттанушы атап өткендей, АҚШ-тың саяси ықпалын күшейту мәселесіне келетін болсақ, бүгінгі таңда АҚШ-Орталық Азия басшысыларының С5+1 форматында жоғары деңгейлі кездесулер өткізіп жатыр. Вашингтон әсіресе стратегиялық шикізаттарға мән беріп келеді. Сирек металдар, қазба байлықтар бойынша Қазақстан, Өзбекстан сияқты елдермен ынтымақтастыққа кірісіп отыр. Бұл мәселеде меніңше, АҚШ әсіресе, Орталық Азиядағы сирек металдар мәселесінде аймақ елдеріне балама серіктестік ұсыну арқылы Қытайдың экономикалық өрістеуін тежегісі келетін сияқты. Дегенмен АҚШ-тың тікелей санкциялық қысымы немесе саяси қысымы Қытайға қарағанда әлсіздеу.

"Бір белдеу, бір жол" жобасы

"Бір белдеу, бір жол" бастамасын 2013 жылы Си Цзиньпин Қазақстанда жариялағаны нәтижесінде бүгінде көптеген ірі инфрақұрылымдық жоба жүзеге асты. Нәтижесінде Қытай-Еуропа бағытында Орталық Азия, оның ішінде Қазақстан арқылы контейнерлік жүк тасымалы күрт артып отыр. Алғашында Қытай-Еуропа бағытында 1700-дей пойыз өтсе, 2022 жылдары бұл саны 15 мыңнан асып, 9 есе өсті. Бұл инфрақұрылымдық жобалар Орталық Азияны халықаралық сауда дәлізіне айналдыру, сол арқылы аймақ елдерінің транзиттік әлеуетін арттыруға барынша нақты үлесін қосты деп атауға болады.

Бүгінгі таңдағы "Бір белдеу, бір жол" жобасына қатысты халықаралық ұйымдар, соның ішінде Дүниежүзілік банк жобаның экономикалық тиімділігі мен қарыз тұрақтылығы мәселесін бірнеше рет көтерген болатын. Соның ішінде сауда соғысы Қытай экономикасындағы өсімнің баяулауына әсер етті. Бұл бүгінгі таңда Пекинді кейбір жобаларды қайта қарауға итермеледі, - дейді қытайтанушы.

Оның пікірінше, алдағы қысқа мерзімде Қытайдың «Бір белдеу,бір жол» жобасы аясында несиелеу мен инвестиция құю мәселелесінде анағұрлым селективті көзқарасты ұстануы мүмкін. Яғни стратегиялық маңызы бар, кірістілігі жоғары жобаларға басымдылық беретін болады. Бұл диверсификация Қытай үшін керек. Өйткені Қытай бұрынғыдай қомақты қаржыны оңды-солды жобаларға сала бермейтінін ескеру керек. Одан бөлек, жақын арада Қытай Орталық Азиямен байланысты тереңдету, сауда жолдарын әртараптандыруға байланысты күш салып жатқанын көріп отырмыз. Егер бұған дейін Қытай Еуропаға шығатын басты дәліз ретінде Қазақстанды қарастыратын болса, енді соңғы жылдары Орталық Азияда басқа да бірнеше инфрақұрылымдық бастаманы бастады. Мысалы, Қытай-Қырғызстан-Өзбекстан теміржолы. Бұл көп жыл бойы тоқтап тұрған жобалардың бірі болатын. Алайда соңғы 3-4 жылда нақты келісімдерге қол қойылып, бұл құрылысты бастауға кірісіп кетті. Яғни орта дәлізді дамытуға Қазақстан басымдық берсе, оңтүстік дәлізді Өзбекстан-Қырғызстан арқылы Қытай балама бағыт ретінде қолға алып отыр.

Сонымен қатар Транскаспий халықарылық көлік бағдары (Қытайдан Қазақстан, Әзербажан, Грузия, Түркияға баратын жол) да қайта жандана бастады. Өйткені солтүстік жол бар – Ресей мен Беларусь арқылы өтетін. Бірақ соғысқа байланысты Қытай бұл бағытқа басқа да тәуекелдерді төмендету үшін күш салып отыр. Егер АҚШ-Қытай арасындағы сауда, технологиялық текетірес одан әрі ушыға беретін болса, Орталық Азия үшін сыртқы тәуекел одан әрі күшейтін болады. Өйткені бұл тәуекел "Бір белдеу, бір жол" жобаларының қаржылық тұрғыда тұрақсыз болуына алып келуі мүмкін. Әсіресе егер Қытай экономикасы сәл де болса әлсіреп, инвестициялық қуаты әлсірейтін болса, бұл әрине кері әсерін береді, - деп санайды Қазбек Майгельдинов.

Тәуекелдер мен мүмкіндіктер

Болжам ретінде алдағы 3-4 жылды айтатын болсақ, сауда соғысының әсерімен Қытайдың Орталық Азиядағы инфрақұрылымдылық белсенділігі сақтықпен жалғасатын болады. Мысалы, кейбір жаңа жобалардың басталуы кешеуілдеуі мүмкін, қаржыландыру шарттары қатаңдануы мүмкін. Өйткені мұның барлығы Қытайдың қаржылық әлеуетіне тікелей әсер етеді.

Сонымен бірге менің ойымша, сауда соғысы Орталық Азия, соның ішінде Қазақстан үшін жаңа мүмкіндіктер ашады. Өйткені Қытай мен Батыс арасындағы байланысқа аймақ елдері балама транзиттік хабқа айналып, одан пайда көре алады. Ол туралы нақты айтуымыз керек. Өйткені Ресейге салынған санкциялар, солтүстік дәліздің әлсіреуінен Қазақстан, Әзербайжан орта дәліз арқылы жүк тасымалын бірнесе есе көтеруіне мүмкіндік алды. Егер сауда соғысы ұзаққа созылатын болса, менің ойымша, компаниялар Қытайдан өндірісті басқа елдерге көшіруді бастап кетуі мүмкін. Әрине Орталық Азия елдері мұндай ірі өндірістерді өздеріне тартуы үшін әлі де бәсеге қабілетін төмен болғанымен, кейбір жеңіл өнеркәсіп, құрастыру саласы сияқты бағыттағы өнеркәсіптер жақын орналасқан Қазақстан, Өзбекстан сияқты елдерге ауысуы мүмкін. Менің ойымша, бүгінгі таңда аймақ елдері үшін басты міндет – Қытай бастамаларын өз мүдделеріне сай пайдаланып, қарыз тәуекелін басқару және балама әріптестермен, оның ішінде Еуропа, Жапония, Корея, Түркиямен жаңа инфрақұрылымдық бастамаларды дамыту қажет. Біз тек қана Қытайға байланып қалмауымыз керек, - деп түсіндірді Қазбек Майгельдинов.

Сауда соғысы мен оған байланысты енгізілген тарифтік шектеулер Орталық Азия елдеріне тікелей емес, бірақ жанама жолдармен әсер етеді. Бірақ бірнеше нақты факторларды ескершім келіп отыр.

Біріншіден, АҚШ нарығындағы кедергілер, яғни тарифтер, санкциялар нәтижесінде қытайлық өнімдер мен компаниялар альтернативті нарықтарға бағытталуы мүмкін. Солардың бірі – Орталық Азия. Өйткені қазірдің өзінде Қытайдың электромобильдері Еуропа мен АҚШ-тың тарифтік тосқауылдарына одан әрі ұшырай берсе, онда олардың Орталық Азияға келуі күшейе түседі. Мысалы, Өзбекстанда BYD компаниясы электромобильдердің басты нарығы ретінде сол жаққа ағылып жатыр. Қазақстанға да бірнеше Қытай компаниясының электромобильдерінің дилерлік орталықтары ашылып жатыр. Тәжікстанда да қытайлық электромобильдер такси қызметінде басты көлік ретінде қолданылып жатыр, - деп айтты сарапшы.

Қытай – Орталық Азияның негізгі шикізат сатып алушысы. Яғни мұнай-газ, металл. Ауылшаруашылығы өнімдері. Егер АҚШ санкциялары мен тарифтері күшейе беретін болса, яғни Қытай экономикасын бәсеңдетуге дейін алып келетін болса, оның салдарынан Қытайдың шикізатқа сұранысы төмендеуі мүмкін. Бұл әрине Орталық Азия экспортына кері әсер етеді. Өйткені мұның барлығы минерал сатып алу көлемін қысқартуына алып келуі мүмкін. Егер Қытайдың өнеркәсібі АҚШ нарығындағы шектеулерге бола өндірісті азайтатын болса, Қазақстанның мұнай мен мысына, Түрікменстанның газына сұранысын азаюына алып келуі ықтимал. Бұл қысқамерзімді әсерлер болса да, нарықтағы жағдайды өзгертіп жіберуі мүмкін.

Оның айтуынша, сауда соғысы әлемдік қаржы нарықтарын құбылтып, дамушы елдердің валюталарына әсер етіп жатыр. Бұл инфляцияға алып келіп жатыр. Біздегі басты мәселе қандай? АҚШ-тың тарифтік саясаты жаһандық экономикалық өсімді баяулатуға тікелей әсер етуі мүмкін. Оның түрлі салдарына болуы ықтимал. Оған біз дайын болуымыз керек.

АҚШ-тың Қытайға қарсы шаралары Орталық Азияға көп қырлы жанама әсер етеді. Қысқамерзімде қарайтын болсақ, аймақ тұтынушылар қытай тауарларының арзандау мен қолжетімділігін сезуі мүмкін. Мысалы, электроника, электромобильдер нарығында. Бірақ орта мерзімде қарасақ, яғни егер сауда соғысы одан әрі жалғаса берсе, технологиялық санкциялар күшейе берсе, онда Қытай Орталық Азияда өндіріс ашып, айналма жолдарды көбірек пайдалануы мүмкін. Бұл бір жағынан аймақ үшін инвестиция және өнеркәсіп дамуы мүмкіндігін ашады. Бірақ ескеретін жағдай бар. Ол – Қытайға тәуелділіктің одан әрі өсу қаупі. Яғни Қытайдың алдындағы қарыздық тәуелділігіміз артып, одан әрі күшеюі мүмкін. Аймақ елдері бір жағынан Қытаймен интеграцияның пайдасын көрсе, екінші жағынан осы тәуелділіктен туатын тағы бір тәуекелге алып келуі мүмкін. Ал АҚШ шараларының жанама әсері бар. Осы ретте Орталық Азия елдері үшін басты мәселе – осы мәселелерге икемді бейімделіп, әртараптандыру саясатынан таймау қажет, - деп ойын түсіндеді сарапшы.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Өзгелердің жаңалығы