Бүгiн 2026, 16:01 Фото: Anadolu

АҚШ-Израиль шабуылдарынан Иранда 787 адам көз жұмды

Қираған ғимараттардың үйінділері астында іздестіру-құтқару жұмыстары жалғасып жатыр.

Иранның Қызыл Жарты Ай қоғамы АҚШ пен Израильдің шабуылдары салдарынан қаза тапқандар саны 232 адамға көбейіп, 787-ге жеткенін айтты, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі Anadolu агенттігіне сілтеме жасап.

Tesnim агенттігі Иран Қызыл Жарты Ай қоғамының жазбаша мәлімдемесін жариялады. Онда:

 153 елді мекендегі 504 нысанға соққы жасалған шабуылдар нәтижесінде 787 адам қаза тапты, - делінген.

Сондай-ақ қираған ғимараттардың үйінділері астында іздестіру-құтқару жұмыстары жалғасып жатқаны атап өтілген. Алайда жараланғандар саны туралы нақты мәлімет берілмеген.

Бұған дейін, 2 наурызда, Иран Қызыл Жарты Ай қоғамы АҚШ пен Израильдің шабуылдары салдарынан 555 адамның қаза тапқанын мәлімдеген болатын. 

АҚШ пен Израильдің Иранға жасаған шабуылдары

28 ақпанда Тегеран мен Вашингтон арасындағы келіссөздер жалғасып жатқанымен, Израиль мен АҚШ Иранға қарсы әскери шабуыл бастады.

Жауап ретінде Иран өңірдегі бірқатар елдердегі нысандарға, соның ішінде Израильге, сондай-ақ Қатар, БАӘ және Бахрейндегі АҚШ базаларына соққы жасады.

АҚШ пен Израильдің шабуылдары салдарынан Иранның Жоғарғы көшбасшысы аятолла Әли Хаменеи және бірқатар жоғары лауазымды шенеуніктер қаза тапты.