АҚШ пен Израиль Иранға тағы соққы жасады
АҚШ пен Израильдің «Бушер» АЭС маңына тағы соққы жасалды. Бұл – соңғы күндері атом нысанына жақын жерде болған екінші шабуыл.
Сейсенбі, 24 наурыз күні кешке Иранның «Бушер» атом электр станциясы орналасқан ауданда АҚШ пен Израиль тарапынан жаңа соққы жасалды. Бұл туралы мемлекеттік IRNA ақпарат агенттігі мәлімдеді, деп хабарлайды BAQ.KZ.
IRNA Иранның Атом энергиясы жөніндегі ұйымына сілтеме жасап, жергілікті уақыт бойынша шамамен 21:08-де (Гринвич уақытымен 17:38) снаряд елдің оңтүстігіндегі Бушер қаласындағы атом нысаны маңына түскенін мәлімдеді. Агенттік бұл шабуылды АҚШ пен Израиль тарапынан жалғасып жатқан «жаулық әрекеттердің» бір бөлігі деп сипаттады.
Алғашқы мәліметтерге сәйкес, зардап шеккендер мен қираулар тіркелмеген, атом нысанының барлық бөліктері зақымданбаған күйінде қалған.
Бұл – соңғы күндері атом нысаны маңында болған екінші шабуыл. Соған ұқсас соққы 17 наурызда жасалып, ол да ешқандай шығынға немесе адам өліміне әкелмеген.
28 ақпаннан бері АҚШ пен Израиль Иран аумағына әуе соққыларын жалғастырып келеді. Соның салдарынан қазіргі уақытқа дейін 1 340-тан астам адам қаза тапқан, олардың арасында сол кездегі жоғарғы көшбасшы Әли Хаменеи де бар.
Тегеран бұған жауап ретінде Израильге, сондай-ақ АҚШ-тың әскери нысандары орналасқан Иордания, Ирак және Парсы шығанағы елдеріне дрондар мен зымырандар арқылы соққы жасады. Бұл шабуылдар адам шығынына, инфрақұрылымның бүлінуіне, сондай-ақ әлемдік нарықтар мен әуе қатынасының жұмысына іркілістердің туындауына себеп болды.