АҚШ пен Иран Швейцариядағы элиталық курортта бейбіт келісімге қол қояды
Келісімнің нақты мазмұны әзірге толық жарияланған жоқ. Дональд Трамп құжатқа қол қою рәсімі 19 маусымда өтетінін хабарлады.
АҚШ пен Иран арасындағы әскери қимылдарды толық тоқтатуды көздейтін рамалық келісімге Швейцария Альпісіндегі Люцерн маңындағы Бюргеншток курортында қол қойылады. Бұл туралы Швейцария Сыртқы істер министрлігі мәлімдеді.
Ведомствоның хабарлауынша, аталған орын кездесуді өткізу үшін Пәкістан мен Катардың делдалдары, сондай-ақ АҚШ пен Иран өкілдері тарапынан ұсынылған. Қонақүйдің оқшау орналасуы қауіпсіздікті жоғары деңгейде қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.
АҚШ президенті Дональд Трамп келісімде Иранның ядролық қаруға ие болуына түбегейлі тыйым салынатынын айтты. Оның сөзінше, бұл талап Өзара түсіністік туралы меморандумда нақты көрсетілген.
Трамп келісім мәтінін АҚШ Конгресінің қарауына ұсынатынын да мәлімдеді.
14 маусымда АҚШ пен Иран бірнеше аптаға созылған келіссөздерден кейін соғысты тоқтату жөніндегі рамалық келісімге келген болатын. Құжатта бітімді ұзарту, Ормуз бұғазын қайта ашу және Тегеранның ядролық бағдарламасына қатысты келіссөздерді жалғастыру қарастырылған.
Келісімнің нақты мазмұны әзірге толық жарияланған жоқ. Дональд Трамп құжатқа қол қою рәсімі 19 маусымда өтетінін хабарлады.
Иран Сыртқы істер министрінің орынбасары Казем Гариб-Абади де келісім мәтіні келісілгенін растап, оған 19 маусым күні Швейцарияда қол қойылатынын мәлімдеді.
Германия, Франция, Ұлыбритания және Италия Ормуз бұғазындағы кеме қатынасын қалпына келтіру бастамасын қолдауға дайын екенін білдірді. Германияның Сыртқы істер министрі Йоханн Вадефуль жақын күндері еуропалық серіктестер мен Парсы шығанағы елдерінің өкілдерімен кездесу өтуі мүмкін екенін айтты.
Сонымен қатар, ол АҚШ пен Иран арасындағы келісімнің мазмұны туралы әртүрлі нұсқалар айтылып жатқанын жеткізіп, алдымен құжатты мұқият зерделеу қажет екенін атап өтті.
AFP агенттігінің мәліметінше, АҚШ пен Иран арасындағы Өзара түсіністік туралы меморандумға цифрлық форматта қол қойылып қойған.