АҚШ пен Иран қысқа мерзімді келісімге келу мүмкіндігін талқылап жатыр
АҚШ тарапы Ираннан ядролық қызметін шектеу мен Ормуз бұғазын толық ашуды талап етіп отыр.
АҚШ пен Иран қысқа мерзімді келісімге келу мүмкіндігін талқылап жатыр. Бұл келісім екі ел арасындағы қақтығысты уақытша тоқтатуға және жағдайды тұрақтандыруға бағытталуы мүмкін, деп хабарлайды BAQ.KZ Reuters-ке сілтеме жасап.
Дереккөздердің мәліметінше, тараптар толық бейбіт келісімге емес, тек соғыс қимылдарын уақытша тоқтататын меморандумға назар аударып отыр. Құжатта Ормуз бұғазы арқылы кеме қатынасын қауіпсіздендіру және шиеленісті қайта ушықтырмау мәселелері қарастырылған.
Келіссөздерге сәйкес, жоспар үш кезеңнен тұруы мүмкін: соғыс қимылдарын ресми түрде тоқтату, бұғаздағы жағдайды тұрақтандыру және 30 күн ішінде кең ауқымды келіссөздерге көшу.
Алайда негізгі даулы мәселелер әлі шешілмеген. Оның ішінде Иранның ядролық бағдарламасы, жоғары байытылған уран қоры және әскери шектеулер бар.
АҚШ тарапы Ираннан ядролық қызметін шектеу мен Ормуз бұғазын толық ашуды талап етіп отыр. Ал Тегеран бұл ұсыныстарды толық қабылдамаған.
Келіссөздер делдалдар арқылы, соның ішінде Пәкістан қатысуымен жүргізілуде. Пәкістан өкілдері тараптардың жақын арада мәмілеге келуіне үміт бар екенін айтады.
Сонымен қатар, ықтимал келісім туралы хабарлар мұнай нарығына әсер етіп, бағалардың төмендеуіне және әлемдік биржаларда өсімге себеп болған.