Кеше 2026, 19:45 Фото: depositphotos.com

АҚШ пен Иран келісіміне 19 маусымда қол қойылуы мүмкін

АҚШ пен Иран арасында бейбіт келісімге қол жеткізілгені туралы мәлімдеме жасалды. Келісімге ресми түрде жұма күні Женевада қол қою жоспарланып отыр.

Бұл туралы BBC Пәкістанның премьер-министрі Шахбаз Шарифке сілтеме жасап хабарлады. Оның айтуынша, тараптар әскери қимылдарды толық тоқтату жөнінде уағдаласқан. Атысты тоқтату режимі тек Иран мен АҚШ арасындағы жағдайға ғана емес, Ливан аумағындағы қақтығыстарға да қатысты болады.

Қарқынды келіссөздердің нәтижесінде Америка Құрама Штаттары мен Иран Ислам Республикасы арасында бейбіт келісім жасалғанын қуана хабарлаймыз. Екі тарап барлық бағыттағы әскери әрекеттерді дереу және түпкілікті тоқтатуға келісті, – деп жазды Шахбаз Шариф X әлеуметтік желісінде.

Пәкістан үкіметінің мәліметінше, келісімге қол қою рәсімі 19 маусым күні Швейцарияда өтеді.

АҚШ пен Иран арасындағы келіссөздерге делдал болған Пәкістан Вашингтон мен Тегеранға, сондай-ақ келісімге қол жеткізуге атсалысқан Катар, Сауд Арабиясы және Түркияға алғыс білдірді.

Шарифтің сөзінше, келісімнің орындалуына дейін осы аптада бірқатар қосымша кездесулер ұйымдастырылады. Бұл келіссөздер техникалық мәселелерді талқылауға және ресми қол қою рәсіміне дайындық жүргізуге мүмкіндік береді.

АҚШ президенті Дональд Трамп та келісімнің жасалғанын растады. Ол Truth Social әлеуметтік желісінде:

Баршаңызды құттықтаймын! Иранмен келісім аяқталды, – деп жазды.

Сонымен қатар Трамп Ормуз бұғазы арқылы кеме қозғалысын қайта ашуға және АҚШ әскери күштері енгізген теңіз блокадасын алып тастауға рұқсат бергенін мәлімдеді.

Әлемнің барлық кемелері қозғалтқыштарын іске қоса берсін. Мұнай ағыны қайта жалғассын, – деді АҚШ президенті.

Кейін журналистермен әңгіме барысында Трамп Ормуз бұғазы Иранмен келісімге ресми қол қойылғаннан кейін толық ашылатынын нақтылады.

Әзірге тараптар қол жеткізген келісімнің нақты шарттары жарияланған жоқ. Алайда Тегеран да келісім жасалғанын растады. Сарапшылардың пікірінше, бұл қадам Таяу Шығыстағы шиеленісті төмендетуге және әлемдік энергетикалық нарықтағы тұрақтылықты күшейтуге ықпал етуі мүмкін.