Бүгiн 2026, 09:18 Фото: istockphoto.com

АҚШ пен Иран Исламабадтағы келіссөздерде ортақ мәмілеге келе алмады

Америка тарапы Иранға «соңғы бейбіт ұсыныстарын» тапсырды.

Пәкістан астанасы Исламабадта Иран делегациясымен өткен кездесуде америкалық тарап түпкілікті келісімге қол жеткізе алмады. Бұл туралы АҚШ вице-президенті Джей Ди Вэнс Пәкістан астанасындағы келіссөздердің қорытындысына арналған баспасөз мәслихатында мәлімдеді, деп хабарлайды BAQ.KZ.

Біз ирандықтармен мазмұнды бірнеше талқылау өткіздік. Бұл – жақсы жаңалық. Ал жаман жаңалық – біз келісімге келе алмадық... Бізге олардың ядролық қару жасауға ұмтылмайтынына және ядролық қаруды тез арада жасап шығуға мүмкіндік беретін құралдарды иеленуге әрекет етпейтініне нақты кепілдік қажет. Негізгі мәселе мынада: біз олардың тарапынан ядролық қаруды дәл қазір немесе екі жылдан кейін ғана емес, ұзақ мерзімді перспективада да әзірлемеуге дайын екенін көріп отырмыз ба? Әзірге біз мұны байқамадық, бірақ соны көреміз деген үмітіміз бар, – деді ол.

Вэнс америкалық тарап Иранға «соңғы бейбіт ұсыныстарын» тапсырғанын айтты.

Біз бұл жерден өте қарапайым ұсыныс қалдырып кетіп барамыз. Әңгіме Тегеран үшін біздің соңғы әрі ең тиімді ұсынысымыз болып саналатын өзара түсіністік тәсілі туралы, – деді ол.

АҚШ вице-президенті Иранның Вашингтон қойған шарттарды қабылдамағанын да атап өтті.

Біз өзіміздің қызыл сызықтарымыз қай жерде өтетінін, қандай мәселеде қарсы қадам жасауға дайын екенімізді, ал қай тұста оған бармайтынымызды өте анық көрсеттік және мұны барынша түсінікті жеткіздік. Бірақ олар біздің шарттарды қабылдамауды таңдады, – деп қосты Вэнс.