Бүгiн 2026, 07:10 Фото: freepik

АҚШ пен Иран бітімге келгеннен кейін мұнай бағасы күрт төмендеді

Brent маркалы мұнай бағасы шамамен 15,9%-ға арзандап, баррелі 92,3 долларға түсті.

АҚШ пен Иран Ормуз бұғазын қайта ашуды көздейтін екі апталық бітімге келгеннен кейін әлемдік мұнай бағасы айтарлықтай төмендеді, деп хабарлайды BAQ.KZ ВВС-ге сілтеме жасап.

Brent маркалы мұнай бағасы шамамен 15,9%-ға арзандап, баррелі 92,3 долларға түсті. Ал АҚШ-та саудаланатын мұнай 16,5%-ға төмендеп, 93,8 долларды құрады. Дегенмен, бұл көрсеткіштер қақтығысқа дейінгі деңгейден (шамамен 70 доллар) әлі де жоғары.

Бұған дейін Иран Ормуз бұғазы арқылы өтетін кемелерге шабуыл жасау қаупін төндірген соң, энергия тасымалына қатысты алаңдаушылық күшейіп, мұнай бағасы күрт өскен еді.

Бітім туралы жаңалық қор нарықтарына да оң әсер етті. Азия-Тынық мұхиты аймағында негізгі индекстер өсті: Жапонияның Nikkei 225 индексі 4,5%-ға, Оңтүстік Кореяның Kospi индексі 5,5%-ға көтерілді.

Сарапшылардың пікірінше, мұнай бағасының күрт өсуі әлемдік экономикаға, әсіресе энергия ресурстарына тәуелді елдерге айтарлықтай қысым жасаған.

АҚШ президенті Дональд Трамп бітім аясында Иран шабуылдарды тоқтатқан жағдайда Ормуз бұғазының толық әрі қауіпсіз ашылуын талап етті. Өз кезегінде Иран да атысты тоқтатуға дайын екенін білдіріп, бұғаз арқылы кеме қатынасын қалпына келтіруге келісім берген.