АҚШ пен Иран арасындағы қақтығысқа 50 млрд доллар жұмсалды – БАҚ
Ресми есепке кірмеген шығындар соғыс құнын екі есеге өсірген.
АҚШ-тың Иранға қарсы соғысына кеткен нақты шығын Пентагон жариялаған 25 млрд долларлық ресми бағадан екі есе көп, деп хабарлайды BAQ.KZ CBS News-ке сілтеме жасап.
28 ақпанда басталған АҚШ-тың Иранға қарсы әскери әрекеттері америкалық бюджетке шамамен 50 млрд долларға түскен. Бұл – Пентагон ұсынған ресми мәліметтен екі есеге жуық жоғары.
Телеарна дереккөздерінің айтуынша, 25 млрд долларлық есепке бірқатар шығын түрлері енгізілмеген. Оның ішінде жойылған және зақымданған әскери техника, сондай-ақ америкалық базаларға келтірілген залал бар.
Негізгі шығынның басым бөлігі оқ-дәріге кеткен. Оның қоры үнемі толықтырылып отыруы қажет. Сонымен қатар ұшқышсыз авиация саласында да елеулі шығын тіркелген. Дереккөздерге сүйенсек, америкалық әскер кемінде 24 MQ-9 Reaper барлау-соққы дронынан айырылған. Әрқайсысының құны 30 млн доллардан асады.
Қосымша шығындар әскерді аймаққа жеткізуге, жанармайға және әскери инфрақұрылымды орналастыруға байланысты болған. Center for Strategic and International Studies орталығының аға кеңесшісі Марк Канчианның бағалауынша, шығынды тек Пентагон ғана емес, АҚШ-тың басқа да ведомстволары, соның ішінде ішкі қауіпсіздік құрылымдары да көтеріп отыр.
Пентагонның ресми бағасы америкалық заң шығарушылар тарапынан сынға ұшырады. Сенатор Крис Кунс 25 млрд доллар тым төмен көрсеткіш екенін айтып, оған екі ай бойы аймақтағы әскерді ұстауға кеткен шығындар кірмегенін атап өтті.
Пентагон басшысы Пит Хегсет операцияның толық құнына нақты баға беруден бас тартып, есепте ықтимал салдарларды да ескеру қажет екенін айтты. Оның ішінде Иранның ядролық қаруға қол жеткізу қаупі де бар.
Бұған дейін АҚШ президенті Дональд Трамп Иранның қақтығысты реттеу бойынша соңғы ұсынысына көңілі толмайтынын білдірген. Бұл ұсыныс ядролық бағдарламаны талқылауды кейінге қалдыруды көздейді.
Америкалық көшбасшы өз көмекшілеріне Иранды ұзақ мерзімді блокадаға дайындау тапсырмасын берген. Кейін Иран тарапынан АҚШ-қа келісімнің жаңа жобасы жолданды. Ол келіссөздерде делдал рөлін атқарып отырған Пәкістан арқылы жеткізілген.