АҚШ пен Иран арасындағы кезекті келіссөздер 17 ақпанда Женевада өтеді
Америкалық делегация құрамында АҚШ президенті Дональд Трамптың Таяу Шығыс жөніндегі арнайы өкілі Стив Виткофф пен оның күйеу баласы Джаред Кушнер болады.
АҚШ пен Иран арасындағы ядролық келіссөздердің екінші кезеңі сейсенбі күні Швейцарияның Женева қаласында өтеді, деп хабарлайды BAQ.KZ.
Америкалық шенеунік пен жағдайдан хабардар үш дереккөз АҚШ-тағы жаңалық платформасы Axios-қа берген сұхбатында делегациялар арасындағы жанама келіссөздердің жалғасатынын растады.
Дереккөздердің айтуынша, келіссөздер 17 ақпанға жоспарланған.
Иран тарапынан делегацияны Сыртқы істер министрі Аббас Аракчи бастап келеді деп күтілуде.
Сонымен қатар келіссөздерге делдал ретінде Оманның Сыртқы істер министрі Бедр бин Хамед аль-Бусаиди де қатысады деп болжануда.
Алғашқы раундтан кейінгі АҚШ пен Иранның өзара мәлімдемелері
Америкалық шенеуніктің айтуынша, аптаның басында Стив Виткофф Оман Сыртқы істер министрі Бусаидимен телефон арқылы сөйлесіп, Вашингтонның ядролық келіссөздерге қатысты ұстанымын жеткізген.
Виткоффпен әңгімеден кейін Бусаиди бұл хабарламаны Иран Ұлттық қауіпсіздік жоғары кеңесінің бас хатшысы Али Лариджаниға жеткізген. Ол сейсенбі күні Маскат қаласына барған.
Иранның мемлекеттік телеарнасына берген сұхбатында Лариджани АҚШ тарапынан жолданған хабарды алғанын растады. Сондай-ақ сапары барысында Тегеран үкіметінің жауабын Оман министрі Бусаидиге тапсырғаны хабарланды.
Трамп Иранмен келісімге келгісі келетінін және келіссөздердің жүріп жатқанын айтып:
Егер келісімге келе алмасақ, екінші кезеңге өтеміз. Ал ол кезең олар үшін өте қиын болады, мен бұған барғым келмейді, – деді.
Иран мен АҚШ арасындағы келіссөздер
Израиль мен АҚШ-тың Иранға жасаған шабуылдарынан кейін 2025 жылдың маусымында тоқтаған ядролық бағдарлама бойынша кездесулер 6 ақпанда Оманда қайта жанданды.
Иран Сыртқы істер министрлігінің баспасөз хатшысы Исмаил Бекаи бұл жөнінде:
«Маскаттағы келіссөздер тараптардың диалогты жалғастыру туралы келісімімен аяқталды», – деді.
Келіссөздер Тегеран мен Вашингтон арасындағы шиеленіс қайта күшейіп, АҚШ аймақтағы әскери қатысуын арттырып жатқан кезеңде өтіп жатыр.