АҚШ пен Иран арасындағы келіссөздер Оманда өтеді

Иранның сыртқы істер министрі Аббас Арагчи АҚШ-пен ядролық келіссөздер жұма күні Оманда өтетінін мәлімдеді, деп хабарлайды BAQ.KZ Al Jazeera-ға сілтеме жасап.

Ал Ақ үйдің баспасөз хатшысы Каролин Ливитт келіссөздер Иранмен осы апта соңында өтетінін айтты.

Ақ үй өкілінің сөзінше, президент Дональд Трамп әрдайым алдымен дипломатия жолын таңдауды жөн көреді. Алайда оның айтуынша, мұндай тәсіл екі тараптан да нақты әрекетті талап етеді.

Вашингтон АҚШ-тың Иранмен жоғары деңгейдегі келіссөздерге Оманда қатысатынын, ал бастапқыда жоспарланғандай Түркияда емес екенін растады. Бұл туралы Ақ үй өкіліне сілтеме жасап, Associated Press ақпарат агенттігі мәлімдеді.

Сейсенбі күні Иран президенті Масуд Пезешкиан елдің сыртқы істер министріне "әділ әрі тең құқықты келіссөздер жүргізуді" тапсырды.

Al Jazeera-ға келіссөз барысынан хабардар екі дереккөздің айтуынша, Қатар, Түркия және Мысырдан келген делдалдар Иран мен АҚШ-қа келіссөздер барысында талқыланатын негізгі қағидаттарды қамтитын рамалық құжат ұсынған. Онда Иранның уран байытуды айтарлықтай шектеу жөніндегі міндеттемесі де бар.

Дереккөздердің, оның ішінде жоғары лауазымды дипломаттың мәліметінше, ұсынылып отырған рамалық бағдарламаның негізгі тармақтарына баллистикалық зымырандарды қолдануға шектеу қою және Иранның аймақтағы одақтастарын қаруландыруды тежеу мәселелері де кіреді.

Бұған дейін, яғни 4 ақпанда АҚШ Иранға жұмаға жоспарланған келіссөздердің өтетін орны мен форматын өзгерту жөніндегі Тегеран талаптарымен келіспейтінін мәлімдеген болатын. Кездесу 6 ақпанда, жұма күні, Стамбулда өтіп, оған Таяу Шығыстың өзге елдері бақылаушы ретінде қатысуы тиіс еді.

Арагчи келіссөздер жұма күні Маскатта таңғы сағат 10:00-де (GMT бойынша 06:00) өтеді деп отыр. Бұған дейін формат пен өтетін орынға қатысты келіспеушіліктер салдарынан кездесудің өтпей қалуы мүмкін деген ақпарат тараған еді.

Барлық қажетті шараларды қабылдағаны үшін омандық бауырларымызға алғыс айтамын, – деп жазды сыртқы істер министрі әлеуметтік желілерде.

Бұл ақпаратты Ақ үй де растады, алайда кездесудің өтетін орнын нақтыламады.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Өзгелердің жаңалығы