Бүгiн 2026, 04:27 Фото: freepik

АҚШ өз азаматтарын Ливаннан шұғыл кетуге шақырды

Қалған азаматтарға төтенше жағдай жоспарын әзірлеп, қауіпсіз жерлерге жасырынуға дайын болу керектігі айтылды.

АҚШ үкіметі қауіпсіздік жағдайының күрт нашарлауына байланысты өз азаматтарын Ливаннан мүмкіндігінше тез арада кетуге шақырды, деп хабарлайды BAQ.KZ ВВС-ге сілтеме жасап.

Бейруттағы АҚШ елшілігінің мәліметінше, елдегі жағдай «тұрақсыз әрі болжап болмайтын» күйде. Елдің оңтүстігінде, Бекаа аңғарында және астана аудандарында әуе шабуылдары, дрондар белсенділігі мен зымыран соққылары тіркелген.

Сондай-ақ дипломатиялық өкілдік Иранға байланысты қарулы топтардың Ливандағы оқу орындарына, соның ішінде америкалық университеттерге қауіп төндіруі мүмкін екенін ескертті.

АҚШ елшілігі азаматтарына Ливанға бармауды, ал елде жүргендерге коммерциялық рейстер бар кезде елден кетуді ұсынды. Қалған азаматтарға төтенше жағдай жоспарын әзірлеп, қауіпсіз жерлерге жасырынуға дайын болу керектігі айтылды.

Сонымен қатар оңтүстік Ливан, Сирия шекарасына жақын аймақтар және Бейруттың оңтүстік маңындағы аудандардан дереу кету ұсынылды.

Айта кетейік, бұған дейін АҚШ Бейруттағы елшілігінің бірқатар қызметкерлерін эвакуациялаған. Ал Ирактағы америкалықтарға да қауіптің артуына байланысты елден кету жөнінде ескерту жасалған.