29 Қыркүйек 2026, 11:32 Фото: ©BAQ.KZ/Гүлжан Раманқұлова

АҚШ Орталық Азияның киберқауіпсіздігі мен цифрлық секторын дамытуға 5 млн доллар бөледі

АҚШ Орталық Азия елдерінің киберқауіпсіздігі мен цифрлық секторын дамытуға 5 млн доллар көлемінде көмек көрсетеді. Қаражат кибергигиенаны жетілдіруге, киберинциденттерге ден қоюға, маңызды инфрақұрылымды қорғауға және қаржы секторының қауіпсіздігін арттыруға бағытталады. Бұл туралы АҚШ Мемлекеттік департаментінің Оңтүстік және Орталық Азия істері бюросы мемлекеттік хатшы көмекшісінің орынбасары Марк Кэмерон Астанада өткен C5+1 SI Conference конференциясының ашылуында мәлімдеді, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Марк Кэмеронның айтуынша, АҚШ Орталық Азиямен ынтымақтастықты дамытуға ерекше мән береді. Былтыр қарашада Вашингтонда C5+1 дипломатиялық платформасының құрылғанына 10 жыл толуына орай бірқатар жоғары деңгейдегі кездесу өтті. Оның ішінде C5+1 бизнес-конференциясы мен АҚШ Мемлекеттік хатшысы Марко Рубионың қатысуымен арнайы қабылдау ұйымдастырылды.

Кейін Ақ үйде алғаш рет C5+1 саммиті мен мемлекеттік қабылдау өтті. Осы кездесулердің нәтижесінде жалпы құны 25 млрд доллардан асатын коммерциялық келісімдер жарияланып, экономикалық ынтымақтастық жөніндегі бірлескен ниет туралы мәлімдеме қабылданды.

Біздің көшбасшыларымыз осы мәлімдеме арқылы, әсіресе жасанды интеллект саласында, алдағы ынтымақтастықтың нақты әрі ауқымды бағытын айқындады. Үкіметтеріміз сенімді интернет пен коммуникациялық технологиялар мен инфрақұрылымды, соның ішінде деректер орталықтарына арналған жабдықтарды енгізуге, трансшекаралық деректер алмасуды қорғау үшін халықаралық стандарттар мен озық тәжірибелерді ұстануға міндеттеме алды, – деді Марк Кэмерон.

Оның сөзінше, АҚШ осы міндеттемелерді жүзеге асыру үшін бірқатар нақты бастаманы қолға алған. Атап айтқанда, жасанды интеллект пен цифрлық технологиялар саласындағы ынтымақтастық B5+1 бизнес алаңына да енгізіліп, арнайы жұмыс тобы құрылған. Оның мақсаты – коммерциялық әріптестікті дипломатиялық байланыстармен қатар дамыту.

Сондай-ақ екі апта бұрын Түрікменстан астанасы Ашхабадта АҚШ Мемлекеттік департаментінің қолдауымен жасанды интеллект пен цифрландыруға арналған семинар өткен. Оған 60-тан астам саясаткер мен сарапшы қатысып, спутниктік технологиялардан бастап суасты кабельдеріне, кадрларды даярлаудан деректер орталықтарын дамытуға дейінгі мәселелерді талқылаған.

Марк Кэмерон Орталық Азияның деректер мен идеялар алмасуындағы стратегиялық маңызын да атап өтті. Оның айтуынша, сенімді ақпараттық-коммуникациялық инфрақұрылым жаңа технологиялар мен цифрлық байланыс мүмкіндіктерін тиімді пайдалануға негіз болады.

АҚШ өкілі Орталық Азияның киберқауіпсіздігі мен цифрлық секторын дамытуға 5 млн доллар көлемінде халықаралық көмек бөлу туралы шешім қабылданғанын айтты. Бұл қаражат CRDF Global ұйымы арқылы бағытталады.

Біз кибергигиенаны жетілдіруді, киберинциденттерге ден қою жүйесін дамытуды, маңызды инфрақұрылымды қорғауды, қаржы секторының қауіпсіздігін арттыруды және киберқауіпсіздік саласындағы саясатты жетілдіруді қолдауды көздеп отырмыз. Бұл – Орталық Азия үшін қауіпсіз әрі сенімді цифрлық болашақ қалыптастыруға бағытталған кешенді міндеттеме, – деді ол.

Сонымен қатар Марк Кэмерон өткен көктемде Бішкекте өткен B5+1 кездесуінде өңір елдері цифрлық реттеу жүйелерін біріздендіру, дербес деректерді қорғау мен зияткерлік меншік саласындағы заңнаманы үйлестіру, деректер орталықтарын дамыту стратегиясын әзірлеу жөнінде уағдаласқанын еске салды.

Ол америкалық компанияларды Орталық Азия нарығында бизнес жүргізуге шақырып, өңірде білікті мамандар мен іске асырылмаған мүмкіндіктер көп екенін атап өтті.

Біз компанияларды қолдауға, жаңа мүмкіндіктерге жол ашуға және олардың табысты жұмыс істеуіне жағдай жасауға дайынбыз, – деді АҚШ өкілі.

Марк Кэмерон алдағы екі күнде Орталық Азия елдерінің ортақ міндеттемелерді нақты жобалар мен нәтижелерге қалай айналдырып жатқанын талқылауға мүмкіндік бар екенін айтты.