12 Наурыз 2026, 03:15 Фото: Reuters

АҚШ Оңтүстік Кореядан зымыранға қарсы қорғаныс жүйелерін шығарады

АҚШ-тың THAAD зымыранға қарсы қорғаныс жүйелері Оңтүстік Корея аумағынан Таяу Шығысқа көшіріледі.

АҚШ-тың THAAD зымыранға қарсы қорғаныс жүйелері Оңтүстік Корея аумағынан Таяу Шығысқа көшіріледі. Бұл Иранның жалғасып жатқан қарсы соққыларына байланысты қолға алынған, деп хабарлайды BAQ.KZ lenta.ru-ға сілтеме жасап.

АҚШ-тың ресми тұлғалары 10 наурыз күні The Washington Post басылымына берген сұхбатында Америка әскері THAAD жүйелерін тасымалдауды бастағанын растады.

Бұған дейін Оңтүстік Корея үкіметіндегі дереккөздер Patriot зениттік кешендерін де басқа аймаққа көшіруге дайындық жүріп жатқанын мәлімдеген. Бұл қадам АҚШ-тың Қытайға қарсы қорғаныс желісін әлсіретуі мүмкін.

Оңтүстік Кореяда орналасқан AN/TPY-2 радиолокациялық жүйелері Қытай аумағын 3000 шақырымға дейінгі қашықтықта бақылауға мүмкіндік береді.

Басылым мәліметінше, батыстық бейресми дереккөздер Patriot және THAAD зымыран кешендері Иранға қарсы соққылар басталғанға дейін-ақ Таяу Шығыстағы әскери нысандарға жеткізілгенін айтқан.

Military Watch Magazine жазуынша, бұл шешім радиолокациялық және зымыранға қарсы қорғаныс жүйелерінің шығыны көп болғанын, сондай-ақ Иранның қарсы шабуылдарының күші Батыс күткеннен әлдеқайда жоғары болғанын көрсетеді.