АҚШ Оман шығанағында ирандық танкерге шабуыл жасады
Қолбасшылық өкілдері Иран порттарына кірмек немесе олардан шықпақ болған кемелерге қарсы америкалық блокаданың әлі де күшінде екенін мәлімдеді.
АҚШ Қарулы күштерінің Орталық қолбасшылығы (CENTCOM) Оман шығанағы маңында Иран туымен жүзіп бара жатқан танкерге америкалық күштердің шабуыл жасағанын мәлімдеді, деп хабарлайды BAQ.KZ.
Х әлеуметтік желісінде жарияланған мәлімдемеге сәйкес, Hasna танкері халықаралық сулар арқылы Иран портына бағыт алған кезде бақылауда болған. АҚШ тарапы кемеге блокаданы бұзғаны туралы ескерту жасаған.
Hasna экипажы бірнеше мәрте жасалған ескертулерге бағынбағаннан кейін, америкалық күштер USS Abraham Lincoln (CVN 72) кемесінен ұшқан АҚШ әскери-теңіз күштерінің F/A-18 Super Hornet жойғыш ұшағынан атылған 20 миллиметрлік зеңбірек арқылы танкердің рөл жүйесін істен шығарды. Қазір Hasna Иран бағытымен қозғалып жатқан жоқ, – делінген хабарламада.
Қолбасшылық өкілдері Иран порттарына кірмек немесе олардан шықпақ болған кемелерге қарсы америкалық блокаданың әлі де күшінде екенін мәлімдеді.
АҚШ Әскери-теңіз күштері Ормуз бұғазындағы блокаданы 13 сәуірде бастаған. Вашингтонның мәлімдеуінше, Иранмен байланысы жоқ кемелер Тегеранға өткені үшін төлем жасамаған жағдайда бұғаз арқылы еркін өте алады.