АҚШ Николас Мадуроның отбасы мүшелеріне санкция енгізді
АҚШ Венесуэла президенті Николас Мадуроның отбасы мүшелерін қоса алғанда, жеті адамға санкция салды, деп хабарлайды BAQ.KZ Anadolu агенттігіне сілтеме жасап.
АҚШ Мемлекеттік департаментінің мәліметінше, жаңа санкциялар 11 желтоқсанда санкциялық тізімге енгізілген Мадуроның жиені Карлос Эрик Мальпика Флореске, сондай-ақ Мадуро үкіметімен байланысы бар деп саналатын панамалық кәсіпкер Рамон Карретеро Наполитаномен туыстық қатынасы бар адамдарға бағытталған.
Ресми мәлімдемеде санкция қолданылғандар қатарында Мадуроның келіні, Мальпика Флорестің өзге де туыстары және Карретероның екі жақын отбасы мүшесі бар екені айтылған. Құжатта: «Трамп әкімшілігі Мадуро мен оның режимін қолдайтын тұлғалар желісін күйретуге бел буып отыр», – деп көрсетілген.
АҚШ Қаржы министрлігінің хабарламасында да аталған санкцияларға қатысты нақты деректер келтірілген. Санкциялық тізімге Мальпиканың анасы Элоиса Флорес де Мальпика, әкесі Карлос Эвелио Мальпика Торреальба, әпкесі Ириамни Мальпика Флорес, жұбайы Дамарис дель Кармен Уртадо Перес және қызы Эрика Патрисия Мальпика Уртадо енгізілген.
Сонымен қатар тізімге Наполитаноның екі туысы – Роберто Карретеро Наполитано мен Висенте Луис Карретеро Наполитаноның есімдері де қосылды.