Бүгiн 2026, 03:22 Фото: Fox News

АҚШ мемлекеттік хатшысы: "Ресей соғысты аяқтауға ниетті ме, білмейміз"

62-ші Мюнхен қауіпсіздік конференциясы 13–15 ақпан аралығында Бавария астанасында өтуде. Конференцияның басты тақырыбы – Ресейдің Украинаға қарсы соғысын тоқтату.

АҚШ мемлекеттік хатшысы Marco Rubio Мюнхен қауіпсіздік конференциясында Вашингтон Ресейдің соғысты аяқтауға шынымен ниетті екеніне сенімді емес екенін мәлімдеді. Сондай-ақ ол Еуропамен одақты қайта жандандыруға шақырып, жаппай көші-қонды және "климаттық культті" сынға алды, деп хабарлайды BAQ.KZ Euronews-ке сілтеме жасап.

Ресейліктердің соғысты тоқтатуға қаншалықты байыпты ниет танытып отырғанын білмейміз. Олар өздерінің ниеті бар екенін айтады. Бірақ соғысты қандай шарттармен аяқтауға дайын екені және бұл шарттар Украина үшін де қабылдауға болатын-болмайтыны белгісіз, – деді Рубио сенбі, 14 ақпанда.

Ол АҚШ соғысты тоқтатуға жәрдемдесу үшін қолдан келгеннің бәрін жасайтынын атап өтті. Оның айтуынша, Вашингтон Украина келісе алатын әрі Ресей үшін де қолайлы болуы мүмкін нәтижені зерттеуді жалғастырады.

Бұл залда ешкім әділ әрі тұрақты шарттармен келіссөз арқылы соғысты реттеуге қарсы емес деп ойлаймын. Біз дәл соған қол жеткізгіміз келеді, – деді америкалық бас дипломат.

Трансатлантикалық қатынастардағы дағдарыс аясында Рубио еуропалықтарды АҚШ-пен күш біріктіріп, жаңа өркендеу дәуіріне бастауға шақырды. Оның сөзінше, екі тарап тарихи, мәдени және экономикалық тұрғыдан тығыз байланысты, әрі ортақ қағидаттарды ұстануы тиіс.

Біз Еуропаның аман қалуын қалаймыз, – деді ол Munich Security Conference барысында. – Түптеп келгенде, біздің тағдырымыз сіздердің тағдырларыңызбен тығыз байланысты және әрқашан солай болып қала береді.

Вашингтон бөлінуге ұмтылмайды, керісінше "ескі достықты қайта жандандыруды" қалайды, – деді дипломат. – АҚШ әкімшілігінің мақсаты – өз мұрасын және тарихын мақтан тұтатын, өміршеңдікке ерік-жігері бар Еуропамен бірге прогресс пен өркендеу жолымен жүру.

АҚШ мемлекеттік хатшысы "жаппай көші-қонды" да қақтығыстардың көзі ретінде атады.

Бұл болмашы мәселе емес. Бұл Батыс қоғамдарын өзгертіп, тұрақсыздандырып отырған әрі әлі де жалғасып жатқан дағдарыс, – деді ол.

62-ші Мюнхен қауіпсіздік конференциясы 13–15 ақпан аралығында Бавария астанасында өтуде. Конференцияға 60-тан астам мемлекет және үкімет басшылары, сондай-ақ 100-ге жуық елдің қорғаныс министрлері қатысуда. Конференцияның басты тақырыбы – Ресейдің Украинаға қарсы соғысын тоқтату.