АҚШ Мемлекеттік департаментінің жоғары лауазымды өкілі Қазақстанға келеді
Самир Пол Капур Орталық Азияға сапары аясында Қазақстанға да ат басын бұрады. Кездесулерде қандай мәселелер талқыланатыны белгілі болды.
АҚШ Мемлекеттік хатшысының Оңтүстік және Орталық Азия істері жөніндегі көмекшісі Самир Пол Капур Оңтүстік және Орталық Азия елдеріне жасайтын өңірлік сапары аясында Қазақстанға келеді. Бұл туралы АҚШ Мемлекеттік департаментінің Оңтүстік және Орталық Азия істері жөніндегі бюросы хабарлады.
АҚШ Мемлекеттік департаменті жариялаған ресми мәлімдемеге сәйкес, 5-12 тамыз аралығында Самир Пол Капур Үндістан, Өзбекстан, Қырғызстан және Қазақстанға сапарлайды.
АҚШ Мемлекеттік хатшысының Оңтүстік және Орталық Азия істері жөніндегі көмекшісі Самир Пол Капур 5-12 тамыз аралығында Үндістан, Өзбекстан, Қырғызстан және Қазақстанға барады. Сапар барысында ол үкімет өкілдерімен және бизнес қауымдастығымен кездесіп, әкімшіліктің өңірдегі басым бағыттарын, оның ішінде сауда байланыстарын кеңейту мен жаңа бизнес мүмкіндіктерін дамыту мәселелерін талқылайды, – делінген АҚШ Мемлекеттік департаментінің Оңтүстік және Орталық Азия істері жөніндегі бюросының ресми хабарламасында.
Әзірге америкалық тарап сапардың нақты бағдарламасын жариялаған жоқ. Алайда кездесулердің негізгі өзегі сауда-экономикалық ынтымақтастықты дамытуға, іскерлік орта өкілдерімен өзара іс-қимылды нығайтуға және АҚШ әкімшілігінің өңірдегі сыртқы саяси басымдықтарын ілгерілетуге арналатыны айтылды.
Самир Пол Капур АҚШ Мемлекеттік хатшысының Оңтүстік және Орталық Азия істері жөніндегі көмекшісі қызметіне 2025 жылдың қазан айында тағайындалған. Мемлекеттік қызметке дейін ол АҚШ-тың Әскери-теңіз күштерінің жоғары оқу орнынан кейінгі білім беру мектебінде профессор болып еңбек еткен. Сондай-ақ Стэнфорд университетімен және Гувер институтымен ынтымақтастықта жұмыс істеген.
Самир Пол Капур Оңтүстік Азиядағы қауіпсіздік мәселелері мен халықаралық қатынастар саласындағы жетекші америкалық сарапшылардың бірі саналады.
Бұған дейін ол АҚШ-тың өңір елдерімен сауда, технология, энергетика және қауіпсіздік салаларындағы ынтымақтастығын нығайтуға ниетті екенін бірнеше рет мәлімдеген.
Welcome to India, @State_SCA Assistant Secretary Paul Kapur! Looking forward to productive meetings with Indian partners this week as we continue advancing U.S.-India partnership. pic.twitter.com/SftVhq93xd
— U.S. Embassy India (@USAndIndia) March 2, 2026