АҚШ Мексика және Канадамен сауда келісімін ұзартудан бас тартты
АҚШ құжатты автоматты түрде ұзартудың орнына, оған өзгерістер енгізіп, ережелерін жыл сайын қайта қарауды көздеп отыр.
АҚШ әкімшілігі Канада, Мексика және АҚШ арасындағы USMCA сауда келісімін қазіргі күйінде ұзартуға дайын емес екенін мәлімдеді. Бұл туралы АҚШ-тың сауда өкілі Джеймисон Грир хабарлады.
Оның айтуынша, Вашингтон келісімнің бірқатар ережесіне қатысты маңызды мәселелер бар деп есептейді. Сондықтан АҚШ құжатты автоматты түрде ұзартудың орнына, оған өзгерістер енгізіп, ережелерін жыл сайын қайта қарауды көздеп отыр.
Bloomberg агенттігіне берген сұхбатында Грир қазіргі келісімдегі теңгерімсіздіктерді жою қажет екенін айтып, тек осыдан кейін ғана жаңа шешімдер қабылданатынын жеткізді.
Бұған дейін, маусым айында АҚШ президенті Дональд Трамп USMCA келісімін тоқтату өзін қанағаттандыратын нұсқа болуы мүмкін екенін мәлімдеген еді. Дегенмен ол келісімді жаңарту мүмкіндігін де толық жоққа шығармаған.
Еске салайық, USMCA келісіміне 2018 жылы Дональд Трамптың бастамасымен қол қойылып, ол Солтүстік Америка еркін сауда аймағы туралы NAFTA келісімінің орнына қабылданды. Жаңа сауда келісімі 2020 жылы күшіне енген болатын.