Бүгiн 2026, 08:49 Фото: pixabay

АҚШ Куба басшылығына тұтас санкция салды: президент те қара тізімде

Бұл шешім АҚШ президенті Дональд Трамп әкімшілігінің Куба билігіне қысымды күшейту саясатының жалғасы ретінде бағалануда.

АҚШ Кубаға қарсы санкцияларын кеңейтіп, шектеу тізіміне ел президенті Мигел Диас-Канел мен оның жақын серіктерін енгізді. Санкциялар аясында Кубаның бірнеше мемлекеттік мекемесі мен ұйымдары да қара тізімге қосылды. 

АҚШ Қаржы министрлігінің Шетелдік активтерді бақылау басқармасы (OFAC) жариялаған шешімге сәйкес, Арнайы тағайындалған азаматтардың (SDN) жаңартылған тізіміне Куба президенті Мигель Диас-Канель, кеңесші және партия қызметкері Лис Куэста Пераза және ел басшылығымен байланысты бірнеше адам, соның ішінде Кубаның бұрынғы көшбасшысы Рауль Кастроның ұлы Алехандро Кастро Эспина кіреді.

Сонымен қатар Кубаның Революциялық қарулы күштер министрлігі (MINFAR), Революцияны қорғау комитеттері (CDR), Куба халықтарымен достық институты (ICAP) және бірқатар мемлекеттік компанияларға да шектеулер енгізілді. 

SDN (Specially Designated Nationals) тізіміне енгізілген тұлғалар мен ұйымдардың АҚШ аумағындағы активтері бұғатталады, америкалық азаматтар мен компанияларға олармен қаржылық немесе іскерлік байланыс орнатуға тыйым салынады. 

Бұл шешім АҚШ президенті Дональд Трамп әкімшілігінің Куба билігіне қысымды күшейту саясатының жалғасы ретінде бағалануда.