АҚШ Киевке НАТО қаражаты есебінен алғашқы әскери көмек жіберуді мақұлдады
АҚШ президенті Дональд Трамп әкімшілігі Киевке НАТО елдерінің қаржысы есебінен алғашқы әскери көмек пакетін мақұлдады. Бұл туралы Reuters агенттігі жазды, деп хабарлайды BAQ.KZ.
Агенттіктің мәліметінше, бұл Вашингтон мен одақтастар әзірлеген жаңа тетік – НАТО елдерінің қаражаты есебінен Украинаға америкалық қару-жарақ жеткізу – алғаш рет қолданылып отыр.
Пентагон НАТО қоры арқылы Киевке 500 миллион доллар көлемінде екі әскери көмек партиясын бөлуді қолдаған. Ол Украинаға «басым қажеттіліктер бағдарламасы» аясында жеткізілмек.
Бұған дейін, 9 қыркүйекте АҚШ конгрессмені Марджори Тейлор Грин Вашингтонның 2026 жылдан бастап Украинаға көмек қаржыландырудан бас тартуы мүмкін екенін айтқан. Ол республикашыларды «шетелді емес, америкалық азаматтардың нақты экономикалық проблемаларына назар аударуға» шақырды.
Ал 26 тамызда Дональд Трамп АҚШ-тың Киевті тікелей қаржыландыруды тоқтатқанын, енді Украинаға қолдауды НАТО-дағы одақтастар арқылы көрсететінін мәлімдеген еді.