АҚШ Катардағы Әл-Удейд әскери базасынан адамдарды эвакуациялап жатыр
АҚШ Иран тарапынан болуы мүмкін әскери әрекеттерді ескере отырып, Катардағы Әл-Удейд әскери базасынан адамдарды эвакуациялауда. Бұл туралы BAQ.kz NBC News-ке сілтеме жасап хабарлайды.
Дональд Трамп пен Иран басшылығы арасындағы қарсыластық одан әрі ушығып келеді.
Кейбір әскери қызметкерлер аймақтағы өзге нысандарға ауыстырылып жатыр. Бұл ықтимал қауіптен қорғану мақсатында жүзеге асырылуда. Катардың Халықаралық медиа кеңсесі адамдардың әкетілгенін растады және бұл шаралар өңірдегі жағдайдың ушығуына байланысты қабылданғанын атап өтті. Мемлекет өз азаматтары мен елде тұрып жатқан шетелдік тұрғындардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін шаралар қабылдауды жалғастырып келеді. Атап айтқанда, аса маңызды инфрақұрылым мен әскери нысандардың қорғалуына ерекше көңіл бөлінуде.
АҚШ президенті Дональд Трамп наразылық білдірушілерге қарсы қолданылып жатқан репрессияларға жауап ретінде Иранға қатысты ықтимал әскери әрекеттердің бірнеше нұсқасын қарастырып отырғаны айтылды. Бұған дейін ирандық ресми тұлғалар соққы жасалған жағдайда аймақтағы америкалық және израильдік әскери базалар нысанаға алынуы мүмкін екенін мәлімдеген болатын.
Еске салайық, Ирандағы тәртіпсіздіктер 2025 жылдың желтоқсан айында ұлттық валютаның құнсыздануы салдарынан бағаның күрт өсуіне байланысты басталып, кейін жаппай сипат алған еді.