10 Қыркүйек 2026, 04:27 Фото: Immigration News Canada

АҚШ Канададан алкоголь өнімдерін импорттауға тыйым салады

15 қыркүйектен бастап Канададан әкелінетін бірқатар тауарға, соның ішінде матрастар, моторлы қайықтар мен гольф-карларға 50% көлемінде қосымша баж салығы салынад

АҚШ Канададан алкоголь өнімдері мен бірқатар тауарларды импорттауға тыйым салып, канадалық басқа өнімдерге салынатын баж салығын арттырады.

Бұл туралы Euronews хабарлады.

АҚШ президенті Дональд Трамп 8 қыркүйек күні кешке бірқатар жарлыққа қол қойған. Ақ үйдің мәліметінше, бұл шешім Канаданың америкалық тауарларға жаңа баж салығын енгізуіне жауап ретінде қабылданған.

Жаңа тарифтер қашан күшіне енеді?

15 қыркүйектен бастап Канададан әкелінетін бірқатар тауарға, соның ішінде матрастар, моторлы қайықтар мен гольф-карларға 50% көлемінде қосымша баж салығы салынады.

Ал Канададан келетін әртүрлі алкоголь өнімдері мен сарысу сияқты сүт өнімдерін импорттауға бөлек тыйым 29 қыркүйектен бастап күшіне енеді.

Бұл шешім АҚШ пен Канада арасындағы сауда шиеленісін одан әрі күшейтіп отыр.

Еске сала кетейік, 8 қыркүйекте Канаданың АҚШ тауарларына енгізген жауап тарифтері күшіне енді. Олардың жалпы көлемі шамамен 20 млрд долларды құрайды, ал баж мөлшері тауар түріне қарай 15%-дан 50%-ға дейін жетеді.

Канада енгізген жаңа тарифтер тізіміне АҚШ-тан келетін болат, алюминий, ірімшік, тұрмыстық техника, киім-кешек, косметика және ауыл шаруашылығы техникалары сияқты тауарлар кірді.

Осылайша, Вашингтон мен Оттава арасындағы сауда дауы жаңа деңгейге көтеріліп, екі ел бір-бірінің өнімдеріне тарифтер мен шектеулер енгізуді жалғастырып отыр.