АҚШ Израильден Ливанға соққыларды азайтуды сұрады
АҚШ әкімшілігі Израильден Ливанға қарсы "шұғыл емес" әскери операциялардың санын қысқартуды өтінген. Бұл қадам Ливан үкіметінің "Хезболланы" қарусыздандыру процесін бастауына қолдау көрсетуге бағытталған, деп хабарлайды BAQ.KZ Axios порталына сілтеме жасап.
Ақпарат көздерінің айтуынша, АҚШ президентінің Сирия жөніндегі арнайы өкілі Томас Баррак Израиль үкіметімен келіссөздер жүргізуде. Ол Ливан үкіметінің қарусыздандыруға қатысты нақты қадамдарына жауап ретінде Израиль әскерін бес форпосттан біртіндеп шығару жоспарын ұсынған. Сонымен қатар, "Трамптың экономикалық аймағы" деп аталатын арнайы аймақты Ливанның оңтүстігінде құру ұсынылған.
Ливанның ақпарат министрі Пол Моркос америкалық ұсыныстарды қолдайтынын айтып, үкімет ел аумағындағы барлық қарулы құрылымдарды жоюға және шекаралас аймақтарға Ливан армиясын орналастыруға дайын екенін мәлімдеді.
Ливан президенті Джозеф Аун да АҚШ жоспарына жауап қатып, басты шарттарды атады: Израильдің құрлықтағы, әуе мен теңіздегі барлық дұшпандық әрекеттерін тоқтату, әскерін халықаралық деңгейде мойындалған шекараға дейін шығару, тұтқындарды босату, мемлекеттің бүкіл аумақты бақылауын қамтамасыз ету және барлық қарулы топтарды, соның ішінде "Хезболланы" қарусыздандыру.