АҚШ – Израиль диалогы: Иран төңірегіндегі келіссөздер жалғасады
АҚШ президенті Дональд Трамп Израиль премьер-министрі Беньямин Нетаньяхумен өткен келіссөздерден кейін Иранға қатысты «түпкілікті» шешім қабылданбағанын мәлімдеді. Дегенмен, Вашингтон Тегеранмен келіссөздерді жалғастыратынын растады, деп хабарлайды BAQ.KZ Reuters-ке сілтеме жасап.
Вашингтонда өткен кездесу екі жарым сағаттан астам уақытқа созылып, жабық форматта өтті. Бұл – Трамптың Ақ үйге оралғаннан бергі Нетаньяхумен жетінші кездесуі. Президент келіссөздерді «өте жақсы» деп бағалағанымен, нақты шешімдер қабылданбағанын айтты.
Трамп әлеуметтік желідегі парақшасында: «Біз Иранмен келіссөздерді жалғастыруды талап етуден басқа түпкілікті шешімге келген жоқпыз. Мүмкін болса, бұл баршаға тиімді болар еді», – деп жазды.
Сонымен бірге ол келісім сәтсіз аяқталған жағдайда қатаң шаралар қарастырылуы мүмкін екенін ескертті. Бұған дейін Трамп Иран ядролық қарудан да, баллистикалық зымырандардан да бас тартуы тиіс екенін мәлімдеген.
Нетаньяху Иранмен жасалатын кез келген келісім тек ядролық бағдарламамен шектелмеуі керек деп есептейді. Израиль тарапы Иранның зымыран арсеналына шектеу қоюды және ХАМАС пен «Хезболла» сияқты қарулы топтарды қолдауды тоқтатуды талап етеді.
Израиль шенеуніктері Вашингтонды Тегеранның уәделеріне сақтықпен қарауға шақырды. Алайда Иран бұл талаптарды қабылдамай, келіссөздер тек ядролық бағдарлама аясында жүргізіліп жатқанын мәлімдеді.
Егер келіссөздер нәтижесіз аяқталса, әскери сценарий де талқылануы мүмкін екені айтылды. Бұл Таяу Шығыстағы жағдайдың одан әрі ушығуына әкелуі ықтимал.
Сонымен қатар, кездесу барысында Газа секторындағы жағдай да қаралды. Трамп атысты тоқтату жөніндегі келісімді алға жылжытуға тырысып жатқанын айтты. Алайда қарусыздану және Израиль әскерін кезең-кезеңімен шығару мәселелері бойынша келіспеушіліктер сақталып отыр.
Сарапшылардың пікірінше, АҚШ пен Израиль Иранға қатысты стратегиялық тұрғыда бір бағытта болғанымен, нақты келісім шарттары мен басымдықтар жөнінде айырмашылықтар бар.