3 Қараша 2026, 09:15 Фото: © Фото : U.S. Navy

АҚШ Иранның жерасты зымыран кешені орналасқан аралына соққы жасады

Шабуыл 2 қарашада жасалған

АҚШ әскері Иранның Ормуз бұғазындағы Кешм аралына әуе соққысын жасады. Аралда жерасты зымыран кешені, әскери-теңіз базасы және теңіз суын тұщыту зауыты орналасқан, деп хабарлайды BAQ.KZ The Wall Street Journal басылымына сілтеме жасап.

Басылымның америкалық шенеуніктерге сілтеме жасап жазуынша, шабуыл 2 қарашада жасалған. Бұл – АҚШ-тың соңғы апталарда Иран аумағында жасырын жүргізген бірнеше әскери операциясының бірі. АҚШ өкілдерінің мәлімдеуінше, операция қорғаныс сипатында болған. Оның мақсаты – Иранның Ормуз бұғазы арқылы өтетін сауда кемелеріне шабуыл жасау мүмкіндігін шектеу және америкалық күштерге төнетін қатердің алдын алу. Reuters агенттігінің хабарлауынша, соққылар Иран күштерінің америкалық әскери нысандарға қарсы «жер-әуе» зымырандарын қолдануына жауап ретінде жасалған.

Иранның мемлекеттік IRNA ақпарат агенттігі Кешм аралында бірнеше жарылыс болғанын хабарлады. Алайда олардың салдарынан қаза тапқандар мен зардап шеккендер туралы нақты мәлімет жарияланған жоқ.

Кешм аралы неге маңызды?

Кешм – Парсы шығанағындағы ең ірі арал. Ол әлемдік мұнай тасымалы үшін стратегиялық маңызы бар Ормуз бұғазының кіреберісінде орналасқан. Аралда Иранның ірі жерасты зымыран кешені мен әскери-теңіз базасы бар. Сондай-ақ жергілікті халықты ауызсумен қамтамасыз ететін теңіз суын тұщыту инфрақұрылымы орналасқан.

Бұған дейін, 2026 жылғы наурызда, аралдағы су тұщыту зауыттарының бірі әуе соққысынан кейін істен шыққаны хабарланған. Ал 2 қарашадағы шабуыл кезінде бұл инфрақұрылымның зақымданғаны туралы расталған ақпарат жоқ.

Трамп Иранмен жаңа соғыс басталмайтынын айтқан

Әскери операция АҚШ-та 3 қарашада өтетін Конгресс сайлауы қарсаңында жасалды. Бұған дейін АҚШ президенті Дональд Трамп Иранға қарсы ауқымды әскери іс-қимылдарды қайта бастау мүмкіндігін төмен бағалап, Тегеранмен дипломатиялық келісімге келуге болатынын айтқан. Алайда The Wall Street Journal дерегінше, Вашингтон соңғы апталарда Иранға қарсы шектеулі әскери операцияларды жария етпей жүргізген.

АҚШ Қорғаныс министрлігі шабуылға қатысты сауалдарды Орталық қолбасшылыққа (CENTCOM) жолдаған. Әзірге қолбасшылық тарапынан ресми түсініктеме берілген жоқ.