АҚШ Иранның үш бірдей ядролық нысанына шабуыл жасады
АҚШ әскери-әуе күштері Иранның үш негізгі ядролық қондырғысына – Фордо, Натанз және Исфахан нысандарына ауқымды шабуыл жасады, деп хабарлайды BAQ.KZ Fox News-ке сілтеме жасап.
Басылымның мәліметінше, операция барысында бункерге қарсы бомбалар мен Tomahawk қанатты зымырандары қолданылған.
Атап айтқанда, Фордодағы жерасты кешеніне B-2 стратегиялық бомбалаушыларынан 5-6 қуатты бомба тасталған. Сонымен қатар, шамамен 30-ға жуық Tomahawk зымыраны сүңгуір қайықтардан ұшырылып, Натанз бен Исфахандағы ядролық инфрақұрылым нысандарына бағытталған.
АҚШ президенті Дональд Трамп Ирандағы үш ядролық кешенге әуе соққысы жасалғанын растады.
Біз Иранның үш ядролық нысанына, соның ішінде Фордо, Натанз және Исфаханға өте сәтті шабуылымызды аяқтадық, - деп жазды ол Truth Social әлеуметтік желісіндегі парақшасында.
Бұл соққылар Израильдің 13 маусымда бастаған "Көтерілісші Арыстан" әскери операциясымен байланысты. Израиль Иранның ядролық және әскери нысандарына соққы берсе, Тегеран "Шынайы уәде – 3" операциясымен жауап қайтарды.
Екі тарап арасындағы соққылар салдарынан жүздеген адам жарақат алып, қаза тапқандар да тіркелді. Қақтығыстың ушығуы аймақтағы қауіпсіздікке айтарлықтай қатер төндіріп отыр.