8 Қараша 2026, 04:27 Фото: depositphotos.com

АҚШ Иранның құрлықтағы сауда жолдарын шектеу үшін жаңа жедел топ құрды

Иран порттарына енгізілген теңіз блокадасы елдің 25 миллиард доллардан астам шикі мұнай экспорттауына кедергі келтірген.

АҚШ Қарулы күштері Иранның құрлықтағы шекаралары мен Каспий теңізі арқылы қару-жарақ және санкция салынған тауарларды тасымалдауына тосқауыл қою мақсатында «Iron Gate» («Темір қақпа») жедел тобын құратынын мәлімдеді.

Reuters агенттігінің хабарлауынша, Флорида штатының Тампа қаласында орналасатын топ АҚШ-тың басқа мемлекеттік органдарымен бірлесіп жұмыс істейді. Оның негізгі міндеті – қару-жарақ пен қос мақсатта пайдаланылатын технологиялардың тасымалын шектеу, сондай-ақ заңсыз кіріс көздерін анықтау.

АҚШ Орталық қолбасшылығының (CENTCOM) бағалауынша, Иран порттарына енгізілген теңіз блокадасы елдің 25 миллиард доллардан астам шикі мұнай экспорттауына кедергі келтірген.

Сонымен қатар Reuters агенттігінің журналистік зерттеуінде Иранның 2025 жылғы қаңтардан бері теңіз блокадасы мен Батыс санкцияларын айналып өтіп, кемінде 2 миллиард долларлық жабдық, жарылғыш заттар мен ауыр жүк көліктерін импорттағаны айтылған. Тасымал Ресейден Каспий теңізі арқылы, Орталық Азиядан құрлық жолымен және Қытайдан әуе арқылы жүзеге асқан.

АҚШ билігінің пікірінше, жаңа жедел топ Иранның әскери әлеуетін қалпына келтіру және қару-жарақ өндірісін дамыту мүмкіндіктерін одан әрі шектеуге бағытталған.