АҚШ Иранға соққы берсе не болады? Сарапшылар болжаған 7 сценарий
Сарапшылардың пікірінше, АҚШ жақын күндері Иранға әскери соққы беруі мүмкін. Әскери нысандар алдын ала белгілі болғанымен, оның салдары қандай болары беймәлім. Келіссөздер нәтиже бермей, Дональд Трамп шабуылға бұйрық берсе, оқиғалар қалай өрбуі мүмкін? Сарапшылар ең «жеңіл» сценарийден бастап, ең қауіпті нұсқаларға дейінгі 7 мүмкін бағытты атады, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі ВВС агенттігіне сілтеме жасап.
1. Шектеулі соққылар және режимнің құлауы
АҚШ Иранның Ислам революциясы сақшылар корпусының (КСИР) базаларына, баллистикалық зымыран қоймалары мен ядролық нысандарына дәл соққы береді. Азаматтық шығын аз болады. Әлсіреген режим құлап, елде демократиялық өзгерістер басталуы мүмкін. Алайда Ирак пен Ливия тәжірибесі бұл сценарийдің тым оптимистік екенін көрсетеді.
2. Режим сақталады, бірақ саясатын жұмсартады
Иран билігі билікте қалғанымен, сыртқы агрессиясын азайтып, қарулы топтарды қолдауды тоқтатады, ядролық және зымыран бағдарламаларын шектейді. Бұл – ең ықтималдығы төмен нұсқа, себебі Ислам Республикасы ондаған жыл бойы ымыраға келмей келеді.
3. Режим құлап, әскери билік орнайды
Сарапшылар ең ықтимал сценарий ретінде осы нұсқаны атайды. Қазіргі билік әлсірегенімен, қауіпсіздік құрылымдары сақталған. Нәтижесінде елді КСИР өкілдерінен құралған қатаң әскери үкімет басқаруы мүмкін.
4. Иран АҚШ пен одақтастарына қарсы жауапты соққы береді
Тегеран америкалық базаларға, Парсы шығанағындағы АҚШ одақтастарына зымыран және дрон шабуылын жасауы мүмкін. Әсіресе Бахрейн, Катар, Сауд Арабиясы секілді елдер қауіп астында. 2019 жылы Saudi Aramco нысандарына жасалған шабуыл Иран мүмкіндігінің жоғары екенін көрсетті.
5. Парсы шығанағына теңіз миналары қойылады
Иран Ормуз бұғазын миналап, әлемдік мұнай мен газ тасымалына қауіп төндіруі мүмкін. Бұл бұғаз арқылы әлемдік мұнайдың 20-25 пайызы өтеді. Мұндай қадам жаһандық сауда мен мұнай бағасына ауыр соққы болмақ.
6. Иран АҚШ әскери кемесін суға батырады
Иран асимметриялық соғыс тактикасын қолданып, дрондар мен жылдам катерлер арқылы америкалық әскери кемеге жаппай шабуыл жасауы ықтимал. Егер АҚШ кемесі суға батса, бұл Вашингтон үшін саяси әрі әскери беделге ауыр соққы болмақ.
7. Режим құлап, елде толық хаос орнайды
Ең қауіпті сценарий. Иранда азаматтық соғыс, этникалық қақтығыстар басталып, Сирия мен Ливиядағыдай жағдай қайталануы мүмкін. Бұл Таяу Шығыста гуманитарлық дағдарыс пен босқындар толқынын туғызуы ықтимал.
Сарапшылардың пікірінше, ең үлкен қауіп – АҚШ-тың соғысты нақты мақсаты мен соңғы нәтижесін анықтамай бастап кетуі. Мұндай жағдайда қақтығыс бақылаудан шығып, аймақтық әрі жаһандық деңгейде ауыр әрі болжап болмайтын салдарға әкелуі мүмкін.
Еске сала кетейік, АҚШ президенті Дональд Трамп Иранды ядролық келісімге тез арада келуге шақырып, қарсы жағдайда ауқымды әскери соққы жасалатынын қатаң түрде ескертті.