Бүгiн 2026, 07:30 Фото: ©BAQ.KZ коллажы

АҚШ Иранды ойыннан шығарып, Қытай экономикасын қыспаққа алмақ – саясаттанушы

Саясаттанушы АҚШ пен Иран қақтығысының астарында не жатқанын түсіндірді. Таяу Шығыс үлкен геосаяси ойынның бір бөлігі болса, АҚШ-тың түпкі жоспары қандай?

АҚШ пен Иран қақтығысы қазір қандай деңгейде, Вашингтонмен күресте Тегеранға кімдер көмектесіп жатыр, бұл шиеленіс әскери текетіреске ұласуы мүмкін бе, Қазақстан үшін қандай тәуекелдер бар және АҚШ-тың басты стратегиялық жоспары қандай?

Бұл сұрақтардың жауабын BAQ.KZ тілшісінің саясаттанушы Руслан Мақсатпен сұхбатынан оқи аласыз.

АҚШ пен Иран қақтығысы қазір қандай деңгейде, олар неге тікелей соғысудан қашады?

Қазіргі қақтығыс жоғары технологиялық қажыту кезеңіне өтті. Мұнда ашық әскери текетірес Realpolitik стратегиясымен алмастырылған. Тараптар ХХ ғасырдағыдай жаппай соғыстан, яғни территорияларды басып алу, миллиондаған әскер шығындаудан қашқақтайды. Өйткені басқыншылық пен одан кейінгі қалпына келтіру шығындары саяси мақсаттарды ақтамайды.

Заманауи соғыс – бұл сөзсіз капитуляция емес, бұл геосаяси ұпайларды есептеу. АҚШ киберкеңістіктегі, қаржыдағы және жоғары дәлдіктегі қару-жарақ басымдығын Иранның маңызды инфрақұрылымын істен шығару үшін пайдаланып жатыр. Іс жүзінде Тегеран қазірдің өзінде классикалық соғыспен тең шығынға ұшырап отыр. Жалпы ішкі өнімнің тоқырауы, мұнай секторының деградациясы және өңірлік түйіндерді бақылаудан айрылу. Бұл “сырттай” текетіресте АҚШ өзінің технологиялық және экономикалық салмағының арқасында үлкен айырмашылықпен алда келеді.

Иран қандай елдер мен топтардың көмегі арқылы АҚШ-қа тойтарыс беріп отыр?

Тегеранның негізгі құралы – “асимметриялық тежеу” тұжырымдамасы. Ол “қарсыласу осіне” арқа сүйейді. Бұл – Ливандағы “Хезболла”, Йемендегі хуситтер (“Ансар Алла” қозғалысы) және Ирак пен Сириядағы түрлі шииттік жасақтар сияқты мемлекеттік емес субъектілер желісі.

Бұл стратегияның мақсаты – Иран өз әскерін тікелей соғысқа қоспай-ақ, АҚШ-тың өңірде әрекет етуін қиындатып, шығынын көбейту. Алайда Трамп әкімшілігі тұсында бұл желінің тиімділігі төмендеп жатыр. АҚШ бұл топтарды қоректендіретін қаржы ағындарын бұғаттау тактикасына көшті.

АҚШ Таяу Шығыста қандай саясат ұстанып отыр?

АҚШ-тың бұл өңірдегі саясаты әрқашан прагматикалық және цинизмге жақын болған. Бұл – ұлттық мүдделерді қорғау және үстемдікті қамтамасыз ету. Трамп тек “демократияны ілгерілету” туралы бос риториканы алып тастады.

АҚШ Иран бәрібір бұзатын нәтижесіз “ядролық келісімдерге” инвестиция салғысы келмейді. Оның орнына – барынша қысым көрсету. Қазіргі әлемде жеңіс шаң басылғанда кімнің аяғында нық тұрып қалатынымен анықталады. Трамп американдық экономикалық және әскери машина Иранды жай ғана “жұтып қояды” деп есептейді. Бұл – “егер” деген мәселе емес, бұл Иранның ұпай саны бойынша жеңілісін қашан мойындайтынына қатысты уақыт мәселесі.

Бұл шиеленіс үлкен соғысқа ұласуы мүмкін бе?

Realpolitik әлемінде “үлкен соғыс” – тым қымбат және тиімсіз дүние. “Хирургиялық демонтаж” сценарийі әлдеқайда ықтимал. Трамп өткендегідей созылмалы науқандарды қайталағысы келмейді. Жаһандық өрттің тұтану қаупі минималды, өйткені Иранда Вашингтонмен тікелей соғысуға дайын одақтастар жоқ. Біз Иран режимінің іштей сал болып қалуына әкелетін нүктелі, бірақ жойқын соққылар сериясын көретін боламыз.

Қандай сценарийлер ең қауіпті деп саналады?

АҚШ үшін бүгінгі таңда ең қауіпті сценарий әскери емес, ақпараттық жазықтықта жатыр. Мүдделі БАҚ-тың кесірінен әлемдік медиа кеңістігінде АҚШ “жеңіліп жатыр” немесе “бақылауды жоғалтты” деген жалған түсінік қалыптасып жатыр.

Тегеранның жалғыз шынайы көзірі – Ормуз бұғазын бұғаттау. Алайда мынаны түсіну керек, бұл қадам ең алдымен Азия мен Еуропа экономикаларына соққы болады. АҚШ-тың өзінде мұнай мен мұнай өнімдерінің қоры жеткілікті. Вашингтон үшін бұл – өмір сүру мәселесі емес, жаһандық логистиканы басқару мәселесі, ал Иран үшін бұл – өз-өзіне қол жұмсаумен тең акт.

Егер Иран мен АҚШ тікелей соғысса, оның салдары қандай болады?

Бұл “теңдердің шайқасы” емес, тез әрі қатал жазалау операциясы болады. Қарулы күштердің құрылымын түсіну маңызды. Қазір іс жүзінде АҚШ-пен тек Ислам революциясының сақшылар корпусы (ИРСК) соғысып жатыр. Бұл – элиталық, бірақ шектеулі құрылым, 100-120 мың адам.

Ал құрлықтағы әскерлердің кең ауқымды соқтығысуына келсек, Иран күштерінің тиімділігі үлкен күмән тудырады. Иран – көпұлтты мемлекет, онда этникалық парсылар халықтың жартысын ғана құрайды. Сыртқы қысым мен АҚШ-тың технологиялық басымдығы жағдайында әзербайжандардан, күрдтерден, лүрлер мен белудждерден құралған әскердің теократиялық орталық үшін соңына дейін соғысуы екіталай. Мұндай аралас құрамды бөлімшелерде дезертирлік пен басқаруды жоғалту қаупі өте жоғары. Тікелей қақтығыс ұзақ соғысқа емес, Иранның әскери вертикалының жедел іштей ыдырауына әкеледі.

Бұл қақтығыс Қазақстан экономикасына қалай әсер етуі мүмкін?

Қазақстан жағдайға байыппен қарауы керек. Бір жағынан, Таяу Шығыстағы дүрбелең мұнай бағасының өсуіне әкеледі. Бірақ бірден “алтын жаңбыр” жауады деп күтудің қажеті жоқ. Қазақстан экспортының негізгі келісімшарттары ұзақмерзімді шарттарға негізделген. Ондағы бағалар көбіне хеджирленген немесе биржадағы қысқамерзімді секірістерге жауап бермейтін арнайы формулаларға ие. Біз бюджет үшін оң әсерді қақтығыс ұзақ айларға созылып, жаңа баға деңгейі “тұрақты қалыпқа” айналғанда ғана көреміз. Әзірге бұл біз үшін қаржылық табыс емес, логистикалық сын-қатер болып отыр.

Қазақстанның сыртқы саясатында қандай тәуекелдер бар?

Қазақстанның бұл жағдайда ұстамды және айқын дипломатиялық позиция ұстанғаны тиімдірек. Бізге Иран, АҚШ және Израиль арасындағы тікелей текетірестен қашықтықты сақтау стратегиялық тұрғыдан маңызды.

Біз үшін ең перспективалы бағыт –  Парсы шығанағы елдерімен, яғни Сауд Арабиясы, БАӘ, Қатармен байланысты нығайту. Ол жақта біздің үлкен инвестициялық мүдделеріміз бар және олардың прагматикалық ұстанымы бізге әлдеқайда жақын. Realpolitik аясындағы біздің міндетіміз – араб монархияларына жақын болып, әлемдік нарық үшін сенімді серіктес мәртебесін сақтау, бірақ біреудің идеологиялық қақтығысына араласпау.

АҚШ-тың бұл қақтығыстағы стратегиялық және жаһандық жоспары қандай?

2026 жылдың қаңтарынан бастап АҚШ жаһандық энергетикалық үстемдік орнату доктринасын іске асыруға көшті. Иран мен Венесуэла ұзақ уақыт бойы Қытай экономикасының негізгі “энергетикалық донорлары” болып келді. Иранды еркін жеткізуші ретінде ойыннан шығару арқылы Вашингтон Қытай экономикасын энергетикалық қыспаққа алып жатыр.

Энергия ресурстары нарығында толық билік орнату үшін АҚШ Пекиннің басты көлік артериясы Малакка бұғазына қысымды күшейтетіні сөзсіз. Сонымен қатар, сирек кездесетін металдар нарығында шабуыл басталып жатыр. Вашингтон баж салығы, санкциялар мен саяси бопсалау арқылы әлемдік өндіріс нүктелерінен Қытай компанияларын жүйелі түрде ығыстыра бастады.

Жаһандық мақсат – Қытайды тәуелсіз шикізат пен энергия көздерінен айыру, содан кейін АҚШ-ҚХР саммитінде Пекинге ультиматум қою. Яғни Қытайды Вашингтон толық бақылайтын әлемдік жүйедегі өз орнын мойындауға мәжбүрлеу. Таяу Шығыс – бұл үлкен геосаяси драманың тек бірінші актісі ғана.

Қарапайым адам үшін бұл қақтығысты бақылап отырудың маңызды бар ма?

Әрине. Біз қазір халықаралық құқықтың ықпалы әлсіреп, күш факторы алға шығып отырған әлемде өмір сүріп жатырмыз. Иран мысалы әлемдік саясатта әділдік емес, прагматикалық есеп үстем екенін айқындады. Трамп бастаған АҚШ-тың осы есепті өз пайдасына шешуге талпынысы бізге алдағы онжылдықтарда қандай әлемде өмір сүретінімізді көрсетеді.

Жауаптарыңызға рақмет!