17 Ақпан 2026, 15:39 Фото: жеке мұрағат

АҚШ-Иран келісімі Қазақстанға қалай әсер етеді?

Бір сағат бұрын АҚШ пен Иран арасындағы кездесудің екінші кездесуі Жаневада басталды.

Бір сағат бұрын АҚШ пен Иран арасындағы кездесудің екінші кездесуі Жаневада басталды. Келіссөз қалай жүргізіледі? Оның Қазақтанға тигізер әсері қандай болады? BAQ.KZ тілшісі осы және өзге мәселелерді халықаралық қатынастар бойынша сарапшы, саясаттанушы Риззат Тасым мырзамен талқылады.

- Риззат мырза, қазір АҚШ пен Иран келіссөзі басталды. Екі ел, расымен, келісімге жақындап қалды ма, әлде бұл кезекті дипломатиялық ойын ба?

- Әзірге «толық келісімге жақындады» деуге ерте. 2018 жылы Дональд Трамп ядролық келісімнен шыққаннан кейін АҚШ пен Иран арасындағы сенім архитектурасы іс жүзінде күйреді. Кейін Джо Байден әкімшілігі процесті жандандыруға тырысты, бірақ аймақтық шиеленістер мен санкциялық қысым бұл бағытта айтарлықтай ілгерілеуге мүмкіндік бермеді. Сондықтан қазіргі кезеңді стратегиялық бетбұрыс емес, тактикалық жұмсару кезеңі деп бағалаған жөн.

- Келіссөздердің астарында қандай мүдделер жатыр?

- Қазір тараптар «үлкен мәміледен» гөрі шектеулі прагматикалық түсіністікке жақын. Бірінші кезекте – қауіпсіздік мәселесі. Негізгі түйін – ядролық бағдарлама. Егер Таяу Шығыста қарулану жарысы басталса, бұл тек Иран мен АҚШ үшін емес, бүкіл аймақ үшін қауіп. Мұнда Израиль факторы және Парсы шығанағы елдерінің алаңдаушылығы маңызды рөл атқарады. Екінші фактор – энергетика. Иран мұнайы жаһандық нарыққа толық көлемде оралса, баға динамикасына әсер етеді. Энергетикалық тұрақтылық АҚШ пен Еуропа үшін стратегиялық мәнге ие. Үшінші – ішкі саяси ахуал. АҚШ-та кез келген әкімшілік сыртқы саясаттағы жетістікті электоралдық аргументке айналдыруға тырысады. Иранда да экономикалық қысым қоғам ішінде өзгерістерге сұранысты күшейтті. Алайда ең бастысы – тараптар соғыстың бағасы келісімнің бағасынан әлдеқайда қымбат екенін түсінеді.

- Келіссөздер сәтсіз аяқталса не болады?

- Бірден соғыс басталады деу асыра айту болар. Бірақ шиеленістің жаңа толқыны күшеюі ықтимал. Мысалы ядролық бағдарламаның жеделдеуі, санкциялардың қатайтылуы, прокси-қақтығыстардың артуы – бұлардың бәрі Таяу Шығысты тұрақсыздық кезеңіне итермелеуі мүмкін. Ең қауіпті сценарий – бақылаусыз эскалация. Яғни тараптар соғысты қаламаса да, эмоция, қателік немесе аймақтық ойыншылардың араласуы жағдайды бақылаудан шығарып жіберуі ықтимал.

- Бұл Қазақстанға қалай әсер етеді?

- Қазақстан үшін бұл мәселе тікелей маңызға ие. Иран – «Солтүстік-Оңтүстік» көлік дәлізінің маңызды буыны. Егер санкциялық режим жұмсарса, өңірлік сауда мен логистикалық бағыттар жанданады. Сонымен қатар Иран мұнайы нарыққа кең көлемде оралса, ұсыныс артып, баға қысымы күшеюі мүмкін. Мұнай экспорттаушы ел ретінде бұл Қазақстан үшін маңызды фактор. Жалпы алғанда, АҚШ–Иран қатынасының тұрақтануы біздің маневр кеңістігімізді тарылтпайды, керісінше, экономикалық мүмкіндіктерді кеңейтуі мүмкін. Географиялық тұрғыдан бізге жақын кеңістіктегі тұрақсыздық Қазақстанға тиімсіз.

- Санкциялар жұмсарса, Иранның саясаты өзгере ме?

- Бұл жерде иллюзияға берілудің қажеті жоқ. Санкциялардың жұмсаруы Иранның сыртқы саясатын түбегейлі өзгерте қоймайды. Алайда экономикалық қысым азайған сайын, радикал риториканың жұмсаруы мүмкін. Себебі ішкі әлеуметтік-экономикалық тұрақтылық сыртқы авантюрадан маңызды бола бастайды. Дегенмен тарихи бетбұрыстың орын алуы әзірге екіталай.

- Уақыт бөліп, сұқбат бергеніңіз үшін алғыс айтамын.