АҚШ Гренландияда жаңа әскери базалар ашу туралы Даниямен келіссөз жүргізіп жатыр
Дереккөздердің мәліметінше, жұмыс тобы белгілі бір нәтижеге қол жеткізген.
АҚШ Гренландияда үш жаңа әскери база ашу мәселесі бойынша Даниямен қарқынды келіссөздер жүргізіп жатыр, деп хабарлайды BAQ.KZ.
Бұл туралы ақпаратты "Русская служба BBC" бірнеше дереккөзге сілтеме жасап таратты.
Олардың мәліметінше, АҚШ президенті әкімшілігі Иранмен соғыс мәселесіне назар аударып отырған тұста, жұмыс тобы көпшіліктің назарын аудартпай айтарлықтай ілгерілеуге қол жеткізген. Ақ үй әкімшіліктің Гренландия және Даниямен жоғары деңгейде келіссөздер жүргізіп жатқанын растады, алайда егжей-тегжейін ашып айтудан бас тартты.
Бұған дейін Дания Гренландияда қосымша америкалық әскери базаларды орналастыру мәселесін талқылауға дайын екенін білдірген болатын. Корольдіктің Сыртқы істер министрлігі де АҚШ-пен келіссөздер жүргізіліп жатқанын растады.
12 мамыр күні Гренландия премьер-министрі Йенс-Фредерик Нильсен Копенгагенде өткен демократиялық саммитте сөйлеген сөзінде АҚШ-пен жүргізілген келіссөздер барысында "дұрыс бағыттағы белгілі бір қадамдар жасалғанын" айтты.
Ақ үйдегі аты-жөні аталмаған қызметкердің сөзінше, келіссөздер барысында америкалық шенеуніктер Гренландияны АҚШ бақылауына беру мәселесін көтермеген.
Белгілі болғандай, келіссөз жүргізушілер биылғы жылдың басынан бері кемінде бес рет кездескен. Америкалық шенеуніктердің болжамынша, жаңа үш әскери база ресми түрде АҚШ аумағы ретінде танылуы мүмкін. Жоспар бойынша, Гренландияның оңтүстігінде орналасатын бұл базалар ең алдымен Атлант мұхитының солтүстік бөлігіндегі Ресей мен Қытайдың теңіздегі белсенділігін бақылаумен айналысады.
21 қаңтарда Швейцарияның Давос қаласында өткен Дүниежүзілік экономикалық форумда Ақ үй басшысы Дональд Трамп АҚШ-тың Гренландияны сатып алуы мүмкіндігіне қатысты еуропалық одақтастармен шұғыл келіссөздер жүргізуге шақырған еді. Еуропаның жеті елінің көшбасшылары бірлескен мәлімдеме жасап, Гренландияны АҚШ пен президент Дональд Трамптың ықтимал қысымынан қорғауды қолдайтындарын білдірді.