АҚШ Газа секторындағы атысты тоқтату режимін ХАМАС бұзуы мүмкін екенін мәлімдеді
АҚШ Газа секторындағы бейбіт келісімнің кепіл елдерін ХАМАС тарапынан атысты тоқтату режимін бұзу қаупі туралы хабардар етті, деп жазады BAQ.KZ АҚШ Мемлекеттік департаментіне сілтеме жасап.
АҚШ Газа бойынша бейбіт келісімнің кепіл елдеріне ХАМАС тарапынан атысты тоқтату режимін бұзуға қатысты сенімді деректер жеткенін мәлімдеді, - делінген Мемдепартаменттің ресми сайтында жарияланған хабарламада.
Мәлімдемеде атап өтілгендей, бейбіт палестиналықтарға қарсы жоспарланған шабуыл атысты тоқтату туралы келісімнің тікелей әрі ауыр бұзылуы болып саналады және бұл қадам осы уақытқа дейінгі ілгерілеуге нұқсан келтіруі мүмкін.
Егер ХАМАС бұл шабуылды жалғастырса, Газа халқын қорғау және атысты тоқтату режимінің тұтастығын сақтау мақсатында шаралар қабылданады, - деді АҚШ-тың сыртқы саясат ведомствосының мәлімдемесінде.
Мемдептің хабарлауынша, АҚШ пен басқа кепіл елдер азаматтық халықтың қауіпсіздігін қамтамасыз етуге, аймақтағы тыныштық пен тұрақтылықты сақтауға және Газа халқы мен бүкіл өңірдің бейбіт әрі гүлденген болашағына қолдау көрсетуге ниетті екенін растады.
Еске салайық, бұған дейін Израиль Газа секторында 47 рет бітім шартын бұзып, 38 палестиналық қаза тапқанын жаздық.