Бүгiн 2026, 07:14 Фото: magnific.com

АҚШ футболдан әлем чемпионатына келетін жанкүйерлерге визаны жеңілдетті

Әлем чемпионаты 2026 жылдың 11 маусымы мен 19 шілдесі аралығында АҚШ, Канада және Мексикада өтеді.

АҚШ 2026 жылғы футболдан әлем чемпионатына билет иелері үшін визалық кепіл талаптарын алып тастайды. Бұл туралы Associated Press агенттігі АҚШ Мемлекеттік департаменті өкіліне сілтеме жасап жариялады, деп хабарлайды BAQ.KZ.

Мәліметке сәйкес, әлем чемпионаты матчтарына билет сатып алған жанкүйерлер үшін бұған дейін енгізілген 15 мың доллар көлеміндегі визалық кепіл енді талап етілмейді. Бұл жеңілдік турнирге келетін шетелдік жанкүйерлердің елге кіру рәсімін жеңілдетуге бағытталған.

АҚШ Мемлекеттік департаменті өкілінің айтуынша, ел 2026 жылғы әлем чемпионатын тарихтағы ең ауқымды және табысты турнир ретінде өткізуді көздеп отыр.

Қазіргі таңда кейбір елдердің азаматтары АҚШ-қа туристік және іскерлік визалар алу үшін ақшалай кепіл енгізуге міндетті. Алайда бұл шектеу әлем чемпионатына билет алған жанкүйерлерге қолданылмайды.

Әлем чемпионаты 2026 жылдың 11 маусымы мен 19 шілдесі аралығында АҚШ, Канада және Мексикада өтеді. Турнирге алғаш рет 48 ұлттық құрама қатысады.