АҚШ Еуропа тауарларына 100 пайыздық кедендік баж енгізуі мүмкін
Трамптың айтуынша, жаңа баж салығы бұған дейін жасалған кез келген сауда келісімінен басым болады.
АҚШ президенті Дональд Трамп америкалық цифрлық қызметтерге салық салатын кез келген елге қатысты қатаң сауда шараларын қолданатынын мәлімдеді, деп хабарлады Euronews.
Оның айтуынша, АҚШ компаниялары ұсынатын цифрлық қызметтерге салық енгізетін мемлекеттерден импортталатын барлық тауарларға 100 пайыздық кедендік баж салығы салынады.
«Бұл мәлімдеме ескерту болсын: мұндай салықты енгізген кез келген ел Америка Құрама Штаттарына жеткізілетін барлық тауарлар үшін бірден 100 пайыздық бажға тап болады», – деп жазды Дональд Трамп Truth Social әлеуметтік желісінде.
Трамптың айтуынша, жаңа баж салығы бұған дейін жасалған кез келген сауда келісімінен басым болады. Ол бұл шара барлық мемлекеттерге қатысты қолданылуы мүмкін екенін айтқанымен, әсіресе Еуропа елдерін ерекше атап өтті.
АҚШ президенті америкалық технологиялық алпауыттарға қосымша салық салуға немесе олардың қызметін шектеуге бағытталған халықаралық бастамаларға бұрыннан қарсы. Оның пікірінше, мұндай шаралар АҚШ-тың технологиялық компанияларын кемсітуге бағытталған.
Бұл мәлімдеме АҚШ пен Еуропалық одақ арасындағы жаңа сауда келісімін іске асыру мерзімі – 4 шілде қарсаңында жасалды. Келісімге сәйкес, Еуропалық одақтан АҚШ-қа экспортталатын тауарларға салынатын баждардың басым бөлігін 15 пайыз деңгейінде шектеу жоспарланған.