АҚШ энергетика министрі Ормуз бұғазы арқылы мұнай тасымалы артқанын мәлімдеді
Оның сөзінше, Иран мұнай тасымалына белгілі бір деңгейде кедергі келтіре алғанымен, Парсы шығанағынан мұнай жеткізу жалғаса береді.
Ормуз бұғазы арқылы тасымалданатын мұнай көлемі Иранмен қақтығыс басталғалы ең жоғары деңгейге жетті. Бұл туралы АҚШ энергетика министрі Крис Райт мәлімдеді.
Оның айтуынша, дүйсенбі күні Ормуз бұғазы арқылы танкерлермен 17 миллион баррельден астам мұнай тасымалданған.
«Дүйсенбіде қақтығыс басталғаннан бергі рекордтық көрсеткіш тіркелді. Ормуз бұғазы арқылы 17 миллион баррельден астам мұнай өтті. Балама бағыттарды қоса есептегенде, аймақтан шығарылған мұнай көлемі қақтығысқа дейінгі кезеңнен де жоғары болды», – деді Райт CNBC-ге берген сұхбатында.
АҚШ энергетика министрі бұғаздағы әскери қатысуды сақтау қажет екенін де атап өтті. Оның сөзінше, Иран мұнай тасымалына белгілі бір деңгейде кедергі келтіре алғанымен, Парсы шығанағынан мұнай жеткізу жалғаса береді.
Бұған дейін АҚШ Орталық қолбасшылығы Иран нысандарына жаңа соққылар жасалғанын хабарлаған. Нысандар қатарында әуе қорғанысы жүйелері, радиолокациялық құрылғылар, теңіз инфрақұрылымы мен байланыс нысандары болғаны айтылды. Тегеран бұған жауап ретінде аймақтағы америкалық әскери нысандарға соққы жасағанын мәлімдеді.
АҚШ президенті Дональд Трамп 2 қыркүйекте Вашингтонның Ормуз бұғазын «толық дерлік бақылауда» ұстап отырғанын мәлімдеді.