АҚШ дрондар импортына 100%-ға дейін тариф енгізеді
Жаңа тарифтер жарлыққа қол қойылғаннан кейін 21 күн өткен соң күшіне енеді.
АҚШ президенті Дональд Трамп дрондар мен олардың құрамдас бөліктерінің импортына жаңа тарифтер енгізу туралы жарлыққа қол қойды. Ақ үйдің мәліметінше, бұл шара АҚШ-тың шетелдік дрон жеткізушілеріне тәуелділігін азайту және ұлттық қауіпсіздікті қорғау мақсатында қабылданған, деп хабарлады Reuters агенттігі.
Жарлыққа сәйкес, кейбір ірі немесе ұлттық қауіпсіздік үшін маңызды дрондарға 100% тариф, ал шағын дрондарға 25% баж салынады.
Сонымен қатар Еуропалық Одақ, Жапония, Лихтенштейн, Оңтүстік Корея, Швейцария және Тайваньнан әкелінетін дрондар мен олардың құрамдас бөліктеріне 15%, ал Ұлыбритания өнімдеріне 10% тариф белгіленеді.
Трамп әкімшілігінің мәліметінше, АҚШ-тың дрондар мен оларға қажетті компоненттерді шетелден жеткізуге тәуелділігі ұлттық қауіпсіздікке қауіп төндіруі мүмкін. Сонымен бірге АҚШ-тағы отандық өндіріс елдің қауіпсіздік қажеттіліктерін толық қамтамасыз етуге жеткіліксіз деп бағаланған.
Жаңа тарифтер жарлыққа қол қойылғаннан кейін 21 күн өткен соң күшіне енеді. Кейбір компоненттерге қатысты баждар 180 күннен кейін енгізіледі.