Бүгiн 2026, 11:48 Фото: pixabay.com

АҚШ делегациясы Пәкістанға бармайтын болды

Трамп Иранмен келіссөзге ұшудан бас тартты.

АҚШ президенті Дональд Трамп арнайы өкіл Стив Уиткофф пен кеңесші Джаред Кушнердің Пәкістанға Иран өкілдерімен келіссөз жүргізу үшін жоспарланған сапарының тоқтатылғанын мәлімдеді, деп хабарлайды BAQ.KZ Anadolu-ға сілтеме жасап.

Мен өз адамдарым ұшуға дайындалып жатқан кезде: "Жоқ, сендер 18 сағат ұшпайсыңдар. Барлық басымдық бізде. Олар бізге кез келген уақытта қоңырау шала алады, бірақ сендер енді 18 сағат ұшып барып, еш нәтиже бермейтін әңгіме үшін отырмайсыңдар" деп айттым, – деді Трамп Fox News арнасына берген телефон арқылы сұхбатында.

Президент Axios басылымына да телефон арқылы сөйлесіп, «оларды 18 сағаттық ұшуға жіберудің мәнін көрмеймін» деп атап өтті.

Біз мұны телефон арқылы да дәл сондай деңгейде шеше аламыз. Ирандықтар қаласа, өздері хабарлассын. Біз жай ғана барып, отыру үшін ұшпаймыз, – деді ол.

Соғыс қайта бастала ма деген сұраққа Трамп Axios-қа:

Жоқ. Бұл оны білдірмейді. Біз бұл туралы әлі ойланған жоқпыз, – деп жауап берген.

Келіссөздердің алғашқы кезеңі екі апта бұрын Исламабадта өткен, алайда 28 ақпанда басталып, Таяу Шығысты қамтыған қақтығысты тоқтату туралы келісімге қол жеткізілмеген. Бұл келіссөздер 8 сәуірде Пәкістанның арағайындығымен жасалған екі апталық бітімнен кейін өткен, кейін оны Трамп ұзартқан болатын.

Иран АҚШ-пен тікелей келіссөзге қатысудан бас тартып, өз ұстанымын Пәкістан арқылы жеткізетінін мәлімдеген.

Айта кетілгендей, Исламабадтағы келіссөздер барысында даулы мәселелердің қатарында Ормуз бұғазы, АҚШ-тың Иран порттарына қойған блокадасы және Иранның байытылған ураны бар.