АҚШ пен Дания Гренландия бойынша келісімге келді
Келісім АҚШ-тың Гренландиядағы әскери қатысуын кеңейтуіне мүмкіндік береді.
АҚШ, Дания және Гренландия Арктика мен Солтүстік Атлантикадағы қауіпсіздікті күшейту жөніндегі келісімге келді. Бұл туралы АҚШ президенті Дональд Трамп мәлімдеді.
Reuters мәліметінше, келісім АҚШ-тың Гренландиядағы әскери қатысуын кеңейтуіне мүмкіндік береді. Сондай-ақ НАТО-ға кірмейтін елдердің аралда әскери база орналастыруына және АҚШ мақұлдамаған бірқатар стратегиялық инвестицияларды жүзеге асыруына шектеу қойылмақ.
Трамп келісімнің мерзімі шектелмейтінін және АҚШ Гренландиядағы әскери қатысуын айтарлықтай арттыратынын айтты. Алайда жаңа америкалық базалардың салынатыны әзірге нақтыланған жоқ.
Дания үкіметі келісім Арктика мен Солтүстік Атлантикадағы ортақ қауіпсіздікті күшейтетінін мәлімдеді. Құжатта Дания Корольдігінің егемендігі мен аумақтық тұтастығы, сондай-ақ Гренландия халқының өзін-өзі анықтау құқығы мойындалатыны атап өтілді.
Үш тарап келісімге БҰҰ Бас Ассамблеясы аясында қол қояды деп жоспарланып отыр. Құжат күшіне енуі үшін тиісті парламенттік рәсімдерден өтуі қажет.