22 Тамыз 2026, 16:17 Фото: istockphoto.com

АҚШ БҰҰ-ға 725 млн доллар төлейді, бірақ миллиардтаған доллар қарызы қалады

Вашингтонның БҰҰ алдындағы жалпы берешегі 4 млрд доллардан асады.

АҚШ президенті Дональд Трамптың әкімшілігі Вашингтонның берешегін өтеу үшін Біріккен Ұлттар Ұйымына 725 млн доллар аудару процесін бастады, деп хабарлайды Reuters.

Қаражат БҰҰ-ның негізгі бюджетіне бағытталады. АҚШ Мемлекеттік департаменті жоспарланған төлем туралы Конгреске 4 тамызда хабарлаған.

Алайда АҚШ-тың БҰҰ алдындағы жалпы қарызы бұдан әлдеқайда көп. Ұйымның бағалауынша, Вашингтонның берешегі 4 млрд доллардан асады. Ал АҚШ билігі бұл соманы тым жоғары деп есептеп, төлемдердің бір бөлігі жасалғанын мәлімдеп отыр.

Бұған дейін БҰҰ АҚШ-тың ұйымның негізгі бюджетіне шамамен 2 млрд доллар, бітімгерлік операциялар үшін тағы 2,2 млрд доллар және халықаралық трибуналдарға 44 млн доллар қарыз екені айтылған.

Төлемдердің кешігуіне байланысты БҰҰ қаржы тапшылығына тап болды. Ұйымның Бас хатшысы Антониу Гутерриш қаржылық қиындықтар туындағанын айтып, шығындарды қысқарту қажеттігін ескерткен.

Сарапшылардың пікірінше, 725 млн доллардың аударылуы мәселені тек ішінара шешеді.

Бұл кеменің су бетінде тағы біраз уақыт қалуына мүмкіндік береді, – деді БҰҰ-ның бұрынғы қызметкері Юджин Чен Reuters агенттігіне.

Оның айтуынша, егер АҚШ қарызын өтеуді жалғастырмаса, ел қаңтардың өзінде БҰҰ Бас Ассамблеясындағы дауыс беру құқығынан айырылуы мүмкін.

БҰҰ ережесіне сәйкес, мемлекеттің берешегі алдыңғы екі жылдағы жарна көлеміне жетсе, ол дауыс беру құқығынан айырылуы мүмкін.

Трамп әкімшілігі кезінде АҚШ БҰҰ-ның бірқатар құрылымын қаржыландыруды да қысқартып, кейбір халықаралық міндеттемелерден бас тартты.

Сонымен қатар Вашингтон саяси себептерге байланысты шамамен 153 млн доллар аудармаған. Бұл қаражаттың бір бөлігі БҰҰ-ның Адам құқықтары жөніндегі кеңесіне және палестиналық босқындарға көмек көрсететін БҰҰ агенттігіне арналған.

18 тамыздағы жағдай бойынша БҰҰ-ға мүше 193 елдің 129-ы өз жарнасын толық төлеген.