АҚШ Бразилия импортына 25 пайыздық жаңа баж салығын енгізуді ұсынды
АҚШ Сауда министрлігі ұсыныс бойынша қоғамдық пікірді 1 шілдеге дейін қабылдайды.
АҚШ президенті Дональд Трамп әкімшілігі Бразилиядан әкелінетін бірқатар тауарларға 25 пайыздық қосымша баж салығын енгізуді ұсынды. Вашингтон бұл шешімді Бразилияның сауда саясаты «әділетсіз әрі америкалық сауданың дамуына кедергі келтіреді» деген уәжбен түсіндіріп отыр. Бұл туралы Reuters агенттігі жазды.
АҚШ Сауда өкілдігінің мәліметінше, ұсынылып отырған шаралар цифрлық сауда, электронды төлем жүйелері, зияткерлік меншік құқықтарын қорғау және этанол нарығына қолжетімділік сияқты бағыттарды қамтиды.
Алайда жаңа тарифтер сиыр еті, кофе, сирек жер металдары, мұнай өнімдері, фармацевтикалық тауарлар, сондай-ақ ұшақтар мен олардың бөлшектеріне қолданылмайды.
Өз кезегінде Луис Инасиу Лула да Силва ұсынылған баждарды сынға алып, бұл шешімнің саяси астары бар екенін мәлімдеді. Оның айтуынша, соңғы апталарда АҚШ пен Бразилия өкілдері бірнеше мәрте келіссөз жүргізгенімен, ортақ мәмілеге келе алмаған.
АҚШ Сауда министрлігі ұсыныс бойынша қоғамдық пікірді 1 шілдеге дейін қабылдайды. Қоғамдық тыңдаулар 6 шілдеде өтеді, ал түпкілікті шешім 15 шілдеге дейін қабылдануы мүмкін.
Сарапшылардың пікірінше, бұл бастама АҚШ пен Бразилия арасындағы қарым-қатынастың салқындауы аясында көтеріліп отыр. Соңғы айларда екі ел арасында сауда, қауіпсіздік және сыртқы саясат мәселелері бойынша келіспеушіліктер күшейген.