АҚШ бастамасымен Израиль мен Ливан негіздемелік келісімге қол қойды
Келісімге сәйкес, Ливанның егемендігін нығайту, қарулы «Хезболла» қозғалысын қарусыздандыру және Израильдің солтүстік шекарасындағы қауіпсіздікті қамтамасыз ету бағытында кезең-кезеңімен жұмыстар жүргізіледі.
Вашингтонда АҚШ-тың арағайындығымен Израиль мен Ливан арасында үшжақты негіздемелік келісімге қол қойылды.
ВВС-дің хабарлауынша, құжатқа АҚШ Мемлекеттік хатшысы Марко Рубионың қатысуымен америкалық, израильдік және ливандық ресми өкілдер қол қойды. Рәсім АҚШ Мемлекеттік департаментінде өтті.
Марко Рубионың айтуынша, бұл келісім екі ел арасындағы ұзақ мерзімді бейбітшілік пен қауіпсіздікке негіз қалайтын маңызды қадам.
«Бұл – тек бастамасы. Алда атқарылатын жұмыс көп. Дегенмен алғашқы қадам әрдайым ең қиын болады», – деді АҚШ Мемлекеттік хатшысы.
Келісімге сәйкес, Ливанның егемендігін нығайту, қарулы «Хезболла» қозғалысын қарусыздандыру және Израильдің солтүстік шекарасындағы қауіпсіздікті қамтамасыз ету бағытында кезең-кезеңімен жұмыстар жүргізіледі.
Сонымен қатар құжатта келісімнің орындалуын қадағалайтын Ливан бойынша үшжақты әскери үйлестіру тобын құру қарастырылған. Бұл құрылым тараптардың міндеттемелерін іске асыруға жәрдемдеседі.
АҚШ Мемлекеттік департаментінің мәлімдеуінше, жаңа келісім Ливанға ұзаққа созылған дағдарыстан шығуға мүмкіндік берсе, Израиль үшін солтүстік шекарадағы қауіп-қатерді азайтудың нақты тетігін қалыптастырады.
Еске салайық, бұған дейін АҚШ пен Иран барлық майдандарда, оның ішінде Ливан аумағындағы әскери іс-қимылдарды тоқтатуға бағытталған өзара түсіністік туралы меморандумға қол қойған болатын. Кейін Швейцарияның Бургеншток курортында АҚШ пен Иран өкілдері Катар мен Пәкістанның делдалдығымен келіссөз өткізіп, Ливандағы ахуалды тұрақтандыру үшін арнайы үйлестіру тобы құрылатыны жөнінде уағдаласқан.