АҚШ Ауғанстан азаматтарына виза беруді тоқтатты
АҚШ мемлекеттік хатшысы Марко Рубио Ауғанстан азаматтарына виза беру процесі уақытша тоқтатылғанын мәлімдеді. Бұл туралы ол X әлеуметтік желісінде жазды, деп хабарлайды BAQ.KZ ТАСС агенттігіне сілтеме жасап.
Президент Дональд Трамптың мемлекеттік департаменті Ауған паспортымен саяхаттайтын барлық тұлғаларға виза беруді тоқтатты. Біздің еліміз бен халқымызды қорғаудан маңызды міндет жоқ, - деді Рубио.
Бұл шешім АҚШ-тағы қауіпсіздік алаңдаушылығы аясында қабылданып отыр. Бұған дейін АҚШ азаматтығы және иммиграция қызметі (USCIS) шетелдіктердің баспана сұрау өтініштерін де уақытша тоқтатқан болатын. Трамп әкімшілігі елге келген баспана іздеушілерді шығарып салуды және «үшінші әлем елдерінен» мигранттарды қабылдауды белгісіз мерзімге тоқтатуды жоспарлап отырғанын жариялаған.
Виза беру процесінің тоқтатылуына соңғы қауіпсіздік оқиғалары да әсер еткен болуы мүмкін. 26 қарашада Вашингтон орталығында, Ақ үйден небәрі 300 метр жерде, белгісіз ер адам АҚШ Ұлттық гвардиясы жауынгерлеріне оқ атқан еді. Шабуылдаушы мен екі әскери қызметкер жараланып, ауруханаға түсті. Кейін жараланған гвардияшылардың бірі көз жұмды.
Ұлттық қауіпсіздік министрі Кристи Ноэмнің айтуынша, күдікті 2021 жылы АҚШ әскерлері Ауғанстаннан шығарылғаннан кейін іске қосылған одақтастарды қабылдау бағдарламасы аясында Америкаға келген.