АҚШ Әуе күштерінің ірі ақпараттық платформасына хакерлер шабуыл жасады
Шабуылдан кейін жүйенің қалыпты жұмысы бұзылып, бірқатар қызметке шектеу қойылған.
Хакерлер АҚШ Әуе күштерінің ірі бұлтты есептеу жүйелерінің бірі – Cloud One платформасына шабуыл жасаған. Бұл әскери деректердің, жеке құрам туралы ақпараттың және логистикалық жүйелердің қауіпсіздігіне қауіп төндіруі мүмкін. Бұл туралы Reuters агенттігі жағдайдан хабардар дереккөздерге сілтеме жасап хабарлады.
Дереккөздердің мәліметінше, жүйеге заңсыз кіру әрекеті соңғы бір айдан астам уақыт ішінде платформаны жаңарту кезінде анықталған. Шабуылдан кейін жүйенің қалыпты жұмысы бұзылып, бірқатар қызметке шектеу қойылған.
2017 жылы іске қосылған Cloud One платформасы Microsoft, Amazon, Oracle және Alphabet компанияларының бұлтты ресурстарын біріктіреді. Ол әскери қызметкерлердің деректерін басқару, жалақы төлеу, логистика және техникалық қызмет көрсету сияқты маңызды міндеттерді атқарады. Сондай-ақ әуе қорғанысы жүйелері мен әскери қару-жарақ қозғалысын бақылауға арналған бағдарламаларды қамтиды.
Шабуыл салдарынан кейбір қосымшаларды платформаға көшіру тоқтатылып, жұмыс істеп тұрған жүйелерді жаңарту мүмкіндігі шектелген. Бірқатар пайдаланушының әкімшілік құқықтары да қайтарып алынған.
Қазір АҚШ Қарулы күштерінің Киберқолбасшылығы шабуылдың салдарын бағалап жатыр. Алайда хакерлердің кім екені, шабуыл ауқымы және қандай да бір деректің ұрланған-ұрланбағаны әзірге белгісіз.
Бұл оқиға АҚШ мемлекеттік мекемелеріне жасалған бірқатар кибершабуылдан кейін болып отыр. Соңғы уақытта Федералдық тергеу бюросы, Ұлттық қауіпсіздік департаменті және Қаржы министрлігінің ақпараттық жүйелеріне де шабуыл жасалғаны хабарланған.