АҚШ Африкадағы экономикалық ықпалын сақтай алмай отыр

АҚШ Африкадағы экономикалық ықпалын сақтауда қиындықтарға тап болып отыр, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі Anadolu агенттігіне сілтеме жасап. 

Бұған соңғы он жылда Вашингтонның өңірмен экономикалық байланыстарының тұрақсыз болуы, сондай-ақ АҚШ пен Африка арасындағы екіжақты тауар айналымы өсімінің елдің жалпы сауда көлеміндегі "символдық үлеспен" ғана шектелуі себеп. 

Анкара Хаджи Байрам Вели университеті халықаралық қатынастар кафедрасының оқытушысы Юнус Турханның мәлімдеуінше, 2014 жылы – АҚШ-тың сауда профициті болған кезеңде Американың Африкаға экспорты 38 млрд долларды, ал импорты 34,6 млрд долларды құраған. Алайда жағдай келесі жылы-ақ күрт өзгерген: экспорт 27,1 млрд долларға дейін төмендеп, импорт 25,3 млрд долларға түскен. 2016 жылы бұл үрдіс одан әрі жалғасып, экспорт 22,2 млрд долларға дейін қысқарса, импорт керісінше 26,5 млрд долларға өскен.

Сарапшының сөзінше, 2020 жылы пандемия кезінде АҚШ-тың Африкаға экспорты 21,9 млрд долларға дейін азайып, импорт 23,7 млрд долларды құраған. Ал 2021 жылы белгілі бір қалпына келу байқалған: экспорт 27,7 млрд долларға жетіп, импорт 37,6 млрд долларға өскен. 2022 жылы импорт тарихи ең жоғары деңгейге – 41,7 млрд долларға дейін көтерілген.

Юнус Турхан соңғы он жылда АҚШ пен Африка арасындағы сауда көлемі орта есеппен 70–80 млрд доллар шамасында болғанын атап өтті.

Сондай-ақ ол Африка бағытында АҚШ-тың Қытай және Ресей елдерімен бәсекеге түсіп отырғанын еске салды.

Ресей әскери тұрғыда белсенді болып, Қытай экономикалық әрі саяси ықпалын күшейтіп отырған Африка — АҚШ-тың Ұлыбритания, Франция немесе Германия сияқты дәстүрлі одақтастарымен бірлесе отырып бұрынғы позициясын қалпына келтіре алмай отырған аймақ. Сол себепті Вашингтонға Түркияны қоса алғанда, басқа елдердің қолдауы қажет, - деп түсіндірді ол.

Сарапшы қазіргі таңда АҚШ-тың Қытай және Ресеймен қарым-қатынастарындағы үдерістерді ескере отырып, Түркия мен АҚШ Африкада өзара тығызырақ ынтымақтастық орната алуы мүмкін екенін де жоққа шығармады.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Өзгелердің жаңалығы