АҚШ 66 халықаралық ұйымнан шығады: Трамп меморандумға қол қойды
АҚШ президенті Дональд Трамп ел мүддесіне сай келмейді деп танылған 66 халықаралық ұйымнан шығу туралы президенттік меморандумға қол қойды. Бұл туралы 7 қаңтар күні Ақ үйдің ресми сайтында жарияланды, деп хабарлайды BAQ.KZ.

Құжатқа сәйкес, барлық америкалық министрліктер мен ведомстволарға Біріккен Ұлттар Ұйымының 31 құрылымын, сондай-ақ БҰҰ жүйесіне кірмейтін 35 халықаралық ұйымды қаржыландыруды тоқтату тапсырылды.
Ақ үй мәлімдемесінде аталған ұйымдардың «АҚШ-тың басымдықтарына қайшы келетін жаһандық мүдделерді ілгерілететіні» немесе өздеріне жүктелген міндеттерді тиімсіз орындап отырғаны атап өтілген.
Бұған дейін, 2025 жылдың шілде айында New York Post басылымы Дональд Трамптың АҚШ-тың ЮНЕСКО-дан шығу жөнінде шешім қабылдағанын хабарлаған еді. Президент бұл ұйымды «алауыздық тудыратын мәселелерді қолдайды» деп сынға алған.
Сондай-ақ 2025 жылғы 5 ақпанда Трамп АҚШ-тың ЮНЕСКО мен БҰҰ-ға қатысуын қайта бағалау туралы бірқатар жарлықтарға қол қойған. Ол Америка Құрама Штаттарының БҰҰ бюджетіне өзге елдермен салыстырғанда пропорционалды емес деңгейде көп қаржы бөліп отырғанын атап өткен болатын.